Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:10, 24 Қараша 2023

Әлеуметтік әділеттілік: Қазақстандағы теңсіздік және шетелдік жұмысшылардың мәселесі

мәселе
Фото: из открытых источников

Кез келген қызметкер жұмсайтын энергиясына сәйкес лайықты жалақы алып, кәсіби жолда өскенін қалайды. Бірақ бұл әрдайым мүмкін бола бермейді. 

Жалпы еңбек нарығында жұмыспен қамтылған қазақстандықтардың жалпы саны 9 115 082 (Ұлттық статистика бюросы, 11 тамыз) құрайды. Ал Қазақстанның еңбек нарығындағы жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен жұмыс істеп жүрген иммигранттар саны 15 129. Мемлекетіміз шетелдік жұмысшыларға кең ауқымды салаларда жұмыс істеуге жақсы мүмкіндік беруде. Еңбек мигранттары негізінен Қытай – 3 652 адам (24%), Өзбекстан – 1 843 адам (12%), Үндістан – 1 741 адам (12%), Түркия – 1 534 адам (10%) елдерінен келеді. Сондай-ақ экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 5 317 адам, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 572 адам, тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 443 адам, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 979 адам, өңдеу өнеркәсібі – 960 адам жұмыс істейді.

Алайда қазіргі таңда Қазақстанда мамандығы мен біліктілігіне қарай түрлі ұйымдарда, туризм және қонақүй бизнесі, құрылыс және ақпараттық технологиялар саласында жұмыс істеп жүрген шетелдік жұмысшылар мен қазақстандықтар арасында түрлі мәселелер орын алып жатыр. Олардың бірегейі жалақы теңсіздігі мәселесі. Әрине бұл тікелей адамдарға, олардың жасы мен біліміне, еңбек нарығындағы мүмкіндіктері мен артықшылықтарына, кәсіби біліктілігіне байланысты. Бірақ, кейбір еңбек ұйымдарында жұмысшылардың әлеуеті ескерілмей қалып жатады.

Елімізде аталған мәселе бойынша құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және мәдени аспектілерде қандай теңсіздік орын жатыр, талдау жасап көрейік..

Шетелдік қызметкерлерге қазақтармен салыстырғанда әлеуметтік қамсыздандыруға, демалысқа және жұмыс орнын қорғауға әртүрлі еңбек жағдайлары берілуі мүмкін.

Шетелдік жұмысшылар өз елдеріндегі өмір сүру деңгейіндегі, біліміндегі немесе сапасындағы айырмашылықтарға байланысты елдегі жұмысшыға қарағанда төмен жалақыға жұмыс істеуге дайын болуы мүмкін. Сәйкесінше, біліктілігі мен дағдыларына байланысты бірнеше есе көп еңбекақы алады.

Әлеуметтік-мәдени алшақтық та бұл жағдайда орын алады. Отандық және шетелдік жұмысшылардың мәдениетіндегі, тілі мен діліндегі айырмашылықтар жұмыс орнында қарым-қатынас пен бейімделуде қиындықтар туғызуы мүмкін. Сонымен қатар, шетелдік жұмысшылар жұмыс берушілер тарапынан кемсітушілікке, теріс пікірге тап болуы мүмкін.

Шетелдік жұмысшылардың еңбек нарығына келуі жалақының бұрмалануына және сұраныс пен ұсыныстың теңгерімсіздігіне әкелуі мүмкін, әсіресе біліктілікті қажет етпейтін жұмыс орындарында отандық жұмысшыларға теріс әсер етеді.

Дәлел ретінде, биылғы жылы наурыз айында өткен Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Бас мемлекеттік еңбек инспекторының қазақстандық және шетелдік жұмысшылар арасындағы жалақыдағы алшақтық туралы айтқан мысалынан көре аламыз. Алматы облысындағы «CITIC Constuction» ЖШС-да Қытайдан келген инженердің жалақысы осыған ұқсас қызметтегі жергілікті қазақ жұмысшысынан 2,5 есе жоғары болған. Ал Атырау облысындағы «Fircroft Engineering Services Limited» ЖШС-де Англиядан келген инженер-конструктордың жалақысы осыған ұқсас қызметтегі жергілікті маманнан 10 есе жоғары жалақыны қамтыған. Осындай мәселелерден «Шетелдік жұмыс күшінің санын қай салада арттыру қажет» деген сауал туындайды. Сондай-ақ ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында жұмыс күшін тартуға бөлінетін квотаны қысқартып, жұмыссыз халық санын азайту қажет.

Біліктілік пен тәжірибеге сәйкес жалақының жоғары болу мәселесіне оң көзбен қарауға болады. Осы тұста логистикалық «Relog» компаниясының бас директоры Бауыржан Рүстемовпен сұхбаттастық. Компания директоры Қазақстаннан senior деңгейдегі Data Science маманын таба алмаған. Табылғанымен, біршама маманның коммерциялық тәжірибелері болмаған.

«Ресей мен Украина арасында соғыс басталғалы бері компаниямызға 6 адам алып келдік. Оның ішінде 3-еуі IT-бағдарламалау саласында, 1-еуі Data science, 2 product менеджер болып жұмыс істеді. Біз оларға Қазақстан нарығындағы жалақымен бірдей төледік. Мысалға айтар болсақ, алгоритм жазу үшін Қазақстаннан 1 жыл бойы адам іздедік, бірақ лайықты маман таппадық. Біз оны Ресейден тауып, Қазақстанға алып келдік. Қазақстаннан салыстырғанда Ресейде Data science маманы көп десек болады. Ал жалақыдағы алшақтық мәселесіне келсек, ол қазақ па, орыс па ұлтына қарамай, бастысы жұмысымыз жүру үшін, лайықты жалақы төледік», - дейді компания басшысы.

Елімізде IT саласындағы мамандардың үлесін арттыру үшін Рүстемов ең алдымен елдегі білім сапасына жасалатын инвестицияның көлемін қазіргіден 10-есе арттыру қажеттігін айтты.

Осылайша еңбек нарығындағы алшақтық мәселесі тек жалақыда ғана емес, сонымен қатар маманның білімі мен біліктілігіне, тәжірибесіне, ескерілетін кәсіби дағдыларына да қатысты.