Алматы әуежайында Бангкоктан 11 кг гашиш майын заңсыз жеткізген күдікті ұсталды
Арнайы тексеру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен бірлесіп, Қазақстанның оңтүстік астанасындағы халықаралық әуежайда есірткі контрабандасының жолын кесті.
Бангкок–Алматы рейсімен келген 20 жастағы шетел азаматы ұсталды. Жеке тексеру кезінде одан жалпы салмағы шамамен 11 килограмм болатын гашиш майы салынған 12 пластикалық ыдыс тәркіленді.
«Жыл басынан бері жедел бөліністердің үйлесімді жұмысының нәтижесінде елімізде есірткі контрабандасының 57 дерегі анықталып, жолы кесілді. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 286-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Баптың санкциясы мүлікті тәркілей отырып, 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын көздейді», – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.
Ұсталған күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.