Әлеумет

Алматы ипподромы қала меншігіне қайтарылды

Алматы ипподромы қайтадан қала меншігіне өтті.

Алматы ипподромы

Президенттің тапсырмасы бойынша нысан коммуналдық меншікке қайтарылды. Енді қала билігі кешенді қалпына келтіріп, оның негізгі спорттық қызметін жандандыруды жоспарлап отыр.

Ипподром тарихи және спорттық маңызын сақтай отырып, біртұтас кешен ретінде дамытылады. Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарында оның аумағы тиісті функционалдық аймақ ретінде бекітілген. Нысанның нысаналы мақсатын өзгерту көзделмеген.

Алдағы уақытта ипподромды дамыту тұжырымдамасы әзірленеді. Жоспар бойынша трибуналар, ат қоралар, спорттық жолдар мен инженерлік желілер жаңартылады. Сондай-ақ қалалық және республикалық жарыстар өткізуге қажетті жағдай қайта жасалмақ.

Қазір кешеннің инфрақұрылымы едәуір тозған. Сондықтан жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі.

Алматы ипподромы 1930 жылы ашылған. Ол Қазақстан мен Орталық Азиядағы ат шаруашылығы және ат спортына арналған ең көне нысандардың бірі саналады. Жалпы аумағы – 39,1 гектар. Бастапқыда ипподром шамамен 3 мың көрермен мен 300 жылқыға есептелген.

Нысанда күрделі жөндеу 1965 және 1985 жылдары жүргізілген. 1990-жылдары ипподром жекешелендірілді. Ал 2001 жылы «Ипподром» АҚ банкрот болғаннан кейін мүліктік кешен жеке құрылымдарға сатылды.

Содан бері ипподромды қала меншігіне қайтару мәселесін қоғам өкілдері бірнеше рет көтерген.

Айта кетейік, бұған дейін «Жас Алаш» Алматы ипподромының тағдыры туралы жазған болатын.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз