Қоғам

Алматы облысында 17 жастағы оқушы қыздың өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр

Алматы облысында 17 жастағы 11-сынып оқушысы Ясмина Ізімжанның қазасына қатысты жаңа сұрақтар туындады. Марқұмның туыстары оның өліміне мектептегі мұғалім тарапынан болған қысымның қатысы бар-жоғын анықтауды талап етіп отыр.

Ясмина

Жақындарының айтуынша, Ясмина бұған дейін өзінен екі жас үлкен 19 жастағы жігітпен қарым-қатынаста болған. Осы жағдайдан кейін оған мектеп мұғалімі тарапынан қысым көрсетілген деген уәж айтылды.

Туыстарының сөзінше, мұғалім қыздың ата-анасын мектепке шақыртатынын, әлеуметтік желідегі жазбалары үшін сотқа жүгінетінін ескерткен. Кейін оқушы жігітпен бұдан былай араласпайтыны туралы жазбаша қолхат беруге мәжбүр болған.

Қайғылы оқиғадан кейін Ясминаның артында қысқа ғана жазба қалған.

«Анашым, әкешім, мен сендерді жақсы көремін. Менің басқа амалым болмады», – делінген онда.

Марқұмның жақындары осы жазба мен бұған дейін болған жағдайлардың арасында байланыс бар-жоғын тергеу барысында жан-жақты тексеру қажет деп санайды. Олардың айтуынша, қыздың қайтыс болғанына төрт ай өтсе де, істің нәтижесі туралы нақты ақпарат жоқ.

Туыстарын алаңдатып отырған тағы бір мәселе – қысым көрсетті деп айтылған мұғалімнің әлі де сол мектепте жұмыс істеп, оқушыларға сабақ беруі.

Ал «Menin mektebim» жекеменшік мектебінің өкілдері тергеу органдарына қажетті көмек көрсетіп жатқанын мәлімдеді.

Марқұмның отбасы істің барлық мән-жайы толық зерттеліп, Ясминаның өліміне себеп болған болуы мүмкін жағдайларға құқықтық баға берілуін талап етіп отыр.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз