Әлеумет

Алматы облысында 251 млн теңге субсидияны заңсыз алғандар сотталды

Алматы облысында агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға бөлінген мемлекеттік субсидияларды жымқыру және жалған шот-фактуралар рәсімдеу ісі бойынша сот үкімі шықты.

жемқорлық

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, «БАҒДАУЛЕТ и ПК» және «АМАНТАУ-2023» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің басшылары екі жыл бойы мемлекеттен заңсыз қаржы алып келген.

Тергеу барысында күдіктілердің ауыл шаруашылығы басқармасына шикі сүт сатып алу, сондай-ақ сары май мен қатты ірімшік өндіру және өткізу туралы жалған құжаттар тапсырғаны анықталған. Осы құжаттардың негізінде бюджеттен 251 миллион теңгеден астам субсидия төленген.

Алайда тексеру кезінде кооперативтерде аталған қызметті жүзеге асыруға қажетті өндірістік база, жабдықтар, жұмыс күші және өзге де ресурстар болмағаны белгілі болды.

Сонымен қатар тергеушілер «ComputerService» жеке кәсіпкерлігі арқылы жалған электрондық шот-фактуралар жазып беру схемасын әшкерелеген. Бұл құжаттар контрагенттердің салық жүктемесін жасанды түрде азайту үшін пайдаланылған.

Салдарынан мемлекетке төленбеген салық көлемі 416 миллион теңгеден асқан.

Сот қылмыстық схемаға қатысы бар екі адамды кінәлі деп танып, оларды 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Бұдан бөлек, заңсыз жолмен алынған қаржыға сатып алынған BMW автокөлігі мемлекет кірісіне тәркіленді.Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз