Алматы облысында белгісіз адам қызды үйінің ауласында зорлап кеткен

Оқиға 13 қараша күні Қарасай ауданы, Сауыншы ауылында болған.
Анасының айтуынша, 9 жасар қызы оны таңғы бесте оятып, қара киімдегі медициналық бетперде таққан белгісіз ер адамның ұрлап кеткенін айтқан. Ол баланы үйден алып шығып, сырттағы душқа апарып, сол жерде зорлаған.
"Таңғы бесте келіп оятып тұр. "Мені бір аға алып қашып кетті" деп. Ішіне зақым келген, жарылып кеткен деді. Негізінде мен түнде есіктерді өзім жабамын. Өзі шығып кетті деп ойлаймын. Өйткені мен білемін ғой, анық-қанығын. Өзім жаптым есікті түнде”, – дейді жәбірленушінің анасы.
Шу шығарған тұрғындар ерсі қылық танытқан ер адамның әлі күнге дейін неліктен ұсталмай жатқанын түсінбей отыр. Жұрт құқық қорғаушыларға ренжулі.
"Сол күні полиция екі күн ғана келді. Одан кейін келген де жоқ, сұраған да жоқ, іздеген де жоқ. Қазір қыз, ұл деп қарап жатқан жоқ. Соның бәріне заң шығарсын. Әлде міндетті түрде министрдің, басшының қыздары зорлануы керек пе? Бұл деген сұмдық! Балаларымызды көшеге, дүкенге жібере алмай қалдық”, – дейді ауыл тұрғыны Айжұлдыз Күзібаева.
Қазіргі уақытта зорлаушыны ұстауға бағытталған жедел іздестіру шаралары жүргізілуде. Кінәлі 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.