Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:00, 15 Наурыз 2024

Алматы облысында қар құрсауында қалған үш азамат құтқарылды

қар
Фото: из открытых источников

Биыл Қазақстан даласына көктем кеш келетін сияқты. Көктемнің алғашқы айының ортасы болса да әлі қар жауып, күн суытып, табиғат тосын мінезінен танбай тұр. Қыс қырынан аман өткен адамдар наурыз айы туған соң көктемге жеттік деген ойымен сақтық шараларын босаңсытып жібереді. Содан барып көп өңірде оқыс оқиғалар мен қауіпті жағдайлар жүз беріп жатады.

Мысалы, қазір наурыздың 15-жұлдызы болса да Алматы облысындағы көп өңір әлі қар құрсанып жатыр. Бұған қыста қар қалың, күн суық болып, жауған қарлардың сол беті ерімей қатып қалғаны және жақында тағы қар жауғаны себеп болды. Төтенше жағдайлар министрлігі мұндай ауа райында сапарға шықпауды, таулы жерлерге бармауды үнемі ескертіп отырады. Бірақ кейбір тұрғындар сол ескертуге құлақ аспай, өзінің де, құтқарушылардың да басын қатерге тігетін жайттар жиі кездесіп отырады.

Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментіне кезекші бөліміндегі мамандарға биылғы жылдың 15 наурызы күні түнгі сағат 00:05-те шұғыл шақырту түсті. Хабарламада Алматы облысы Кеген ауданы Алматы-Кеген тас жолының 70-ші шақырымында Мерседес автокөлігі қар құрсауында қалып, ондағы үш азамат қиын жағдайға тап болғаны айтылған. Оларды жақын маңдағы елді мекенге дейін эвакуациялау қажет екендігі белгілі болды.

Хабарламаны алған бойында оқиға орнына қарай Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментінің алты қызметкері мен екі бірлік техникасы дереу жолға шықты. Оқиға орнына дейінгі қашықтық жетпіс шақырым болатын. Қар құрсауында қалған азаматтардың бас амандығын басты назарда ұстаған құтқарушылар оқиға орнына жедел жету үшін барын салды. Соның арқасында дер кезінде діттеген жерге жетіп, көмекке мұқтаж азаматтарға көмек қолын созды.

Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылардың хабарлауынша, қар құрсауында қалған азаматтар сонау оңтүстіктегі Шымкент қаласынан келген екен. 2004 жылы дүниеге келген жас азаматтардың Алматы облысына келудегі мақсаты Көлсай көліне барып демалу болған. Олар саяхат орнына бара жатқан жолда ауа райы тосын мінез танытып, жастар діттеген жеріне жете алмай, қарға қамалып қалыпты. Құтқарушылар оқиғаның мән-жайына қаныққан соң құтқару жұмыстарын жүргізіп, жас саяхатшыларды Кеген ауылына жеткізді. Департамент өкілдерінің хабарлауынша, қар құрсауынан құтқарылған азаматтар медициналық көмекке мұқтаж емес екенін жеткізді.

Халқымыз «жақсы адам жүр жаныңда» деген мәтелді осындайда айтқан. Төтенше жағдайлар министрлігінің қауіп астында қалған азаматтарды құтқарғаны жайлы жиі естіп жатамыз. Біз сөз етіп отырған оқиға да өз міндетін мүлтіксіз атқаратын мемлекеттік қызметкерлердің мақтауға тұрарлық ерлігі деп есептейміз.