Алматы облысында мопед жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан қашып кеткен
Алматы облысының Боралдай кентінде мопед жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып кетіп, оқиға орнынан ізін суытқан.
Алдын ала мәлімет бойынша, жол-көлік оқиғасы 20 шілде күні сағат 16:03 шамасында Абылай хан көшесінде болған. Мопед жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткелімен жолды кесіп өтіп бара жатқан әйелді қағып кеткен.
Оқиғадан кейін жүргізуші зардап шеккен әйелге көмек көрсетпестен оқиға орнынан қашып кеткен.
Жергілікті тұрғындар кінәлі азаматтың жеке басын анықтап, оны заң аясында жауапкершілікке тартуды және аталған дерек бойынша жан-жақты тексеру жүргізуді сұрап отыр.
Қазіргі уақытта бұл оқиғаға қатысты полиция ресми түсініктеме берген жоқ.