Алматы прокуратурасы журналист Александра Алёхованың жазасын жеңілдетуді сұрады
Алматы қаласының прокуратурасы бұған дейін үш жылға бас бостандығынан айырылған журналист Александра Алёховаға қатысты үкімге апелляциялық өтінішхат берді.
«Азаматша Сенцованың бұрын сотталмағанын, қылмыстық жауапкершілікке алғаш рет тартылып отырғанын, асырауында кәмелетке толмаған баласы барын, тұрғылықты жері бойынша оң мінездеме берілгенін, сондай-ақ оның әрекеттерінде қылмыстық жауапкершілік пен жазаны ауырлататын мән-жайлардың жоқ екенін ескере отырып, прокуратура жазаны жеңілдету туралы апелляциялық өтінішхат енгізді», – деп хабарлады прокуратура.
Сот кабинетінде көрсетілген мәліметке сәйкес, апелляциялық шағым сотқа 7 тамызда түскен.
Еске салайық, 3 тамызда Алматының Алмалы аудандық соты жабық режимде өткен сот отырысында журналист Александра Алёхованы адамның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірген дербес деректерді таратқаны үшін кінәлі деп таныды. Сот оны үш жылға бас бостандығынан айырды. Алайда жазаны өтеу бес жылға, яғни 2031 жылға дейін кейінге қалдырылды. Сонымен қатар журналистке үш жыл бойы журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Александра Алёховаға қатысты қылмыстық іс 2022–2024 жылдары Алматыдағы «Кенжехан» базарының жалға алушылары мен иелері арасындағы дауға байланысты жарияланымдардан кейін қозғалған.
Материалдарда сауда орнының жалға алушыларының құқығын қорғаған белсенділердің бірінің бұрын сотталғаны және полиция есебінде тұрғаны туралы ақпарат айтылған. Белсендінің арызынан кейін басталған тергеу бұл мәліметтерді жария етуді дербес деректерді заңсыз тарату деп бағалаған. Ал қорғаушы тарап барлық ақпарат ашық сот базаларынан алынғанын мәлімдеді.
«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры Александра Алёхованы қорғап мәлімдеме жасады. Қордың мәліметінше, журналист танымал Telegram-арнадағы материалды қайта жариялаған. Полиция бастапқы жазбадан заң бұзушылық таппағанымен, Алёхованың сол материалды репост жасауын заңға қайшы деп таныған.
Осы мәліметтерді таратқаны үшін бұған дейін журналист Олег Гусев те қылмыстық жауапкершілікке тартылған. DW мәліметінше, Гусевтің ісі де «Кенжехан» базары төңірегіндегі дауға қатысты жарияланыммен байланысты болған. Онда дау тараптарының бірінің бұрынғы соттылығы туралы ақпарат көрсетілген.
Александра Сенцова (Алёхова) – алматылық журналист, төрт баланың анасы. Бұған дейін бірнеше республикалық басылымда жұмыс істеген.