Live

Алматыда қаза тапқан полиция қызметкері туралы тың деректер шықты

Алматыда 37 жастағы аға жедел уәкіл Аслан Әлсеровтің өліміне қатысты тергеу жаңа мәліметтермен толықты. Тергеу нұсқасы бойынша, қылмысқа оның ең жақын туыстары қатысы бар.

Аслан Әлсеров

Алдын ала мәліметке сәйкес, полиция қызметкеріне Алматыдағы пәтерінде шабуыл жасалған. Кейін қылмыстың ізін жасыру үшін оның денесі мегаполистен шамамен 300 шақырым жердегі таулы аймаққа шығарылып, өртелген.

Күйіп кеткен мәйіт 23 маусымда табылған. Осыдан кейін полиция «Ұстау» жоспарын жариялап, күдіктілерді көп ұзамай қолға түсірген.

Марқұм әріптестері арасында абыройлы қызметкер ретінде танылған. Ол жұбайымен 15 жыл отасып, жеті бала тәрбиелеген. Көршілерінің айтуынша, отбасы сырт көзге үлгілі жанұя болып көрінген.

Тергеу мәліметінше, қылмысты полиция қызметкерінің жұбайы мен олардың 14 жастағы ұлы алдын ала жоспарлаған деген күдік бар.

Қазіргі уақытта анасы мен кәмелетке толмаған баланың мұндай әрекетке не себепті барғаны анықталып жатыр.

Аталған дерек бойынша алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаған адам өлтіру бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілерге 15 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

Іс Алматы қалалық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз