Алматыда қойма өртеніп жатыр
Алматының Жетісу ауданындағы Тобаяқов көшесінде орналасқан қоймада ірі өрт шықты.
Оқиға кезде ғимарат ашық жалынға оранған.
Өртті сөндіру жұмыстары қатты түтін, жоғары температура және қоймадағы жанғыш материалдардың көп болуына байланысты қиындап отыр. Оқиға орнында жедел штаб құрылып, жалынның одан әрі таралуына жол бермеу үшін үш өрт сөндіру учаскесі ұйымдастырылды.
Өртті ауыздықтауға Төтенше жағдайлар департаментінің 60-тан астам қызметкері мен 16 арнайы техникасы жұмылдырылды. Сонымен қатар жұмысқа «ҚТЖ» өрт сөндіру пойызы, «Алматы Су», «Алматы Тазалық» және жылу электр орталығының мамандары тартылды.
Қазіргі уақытта өртті толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.