Алматыда мәслихат депутаты аса ірі алаяқтық үшін түрмеге қамалды
Талдықорған қалалық мәслихатының депутаты, AMANAT партиясының мүшесі Жарылқасын Болатұлы аса ірі көлемдегі алаяқтық ісі бойынша сотталды.
Бұл туралы қазақстандық журналист Михаил Козачков хабарлады.
Оның мәліметінше, 44 жастағы депутатқа қатысты үкімді Алматы қаласының Медеу аудандық соты шығарған.
Іс элиталық ауданда орналасқан коттеджді сатуға байланысты. Тергеу нұсқасына сәйкес, Болатұлы бір үй үшін бірнеше сатып алушыдан ақша алған.
Алғашқы сатып алушы депутатқа 10 млн теңге кепілақы берген. Алайда сатушы үйдің бұзылу қаупі бар екенін айтпаған. Кейін мәміле жүзеге аспай қалғанымен, кепілақы қайтарылмаған.
Кейін екінші сатып алушы табылып, оған үйдің банк кепілінде тұрғаны айтылған. Сол себепті алдымен кепілді жабу қажет екені түсіндірілген. Сатып алушы банкке 116 млн теңге аударып, тағы 3 млн теңгені сатушыға берген. Есесіне оған жылжымайтын мүліктің түпнұсқа құжаттары тапсырылған.
Алайда кейінірек үйге басқа да тыйым салулар қойылғаны анықталып, мәмілені аяқтау мүмкін болмаған.
Журналистің мәліметінше, банк кепілі алынған соң Болатұлы құжаттардың телнұсқасын алып, коттеджді үшінші адамға сатып жіберген. Осыдан кейін тағы бір жәбірленуші құқық қорғау органдарына шағым түсірген.
Сотта депутат өз кінәсін мойындамағанымен, сатып алушылардан ақша алғанын растаған. Оның айтуынша, алынған қаражатты «Айсұлу» тігін фабрикасына инвестициялаған. Жәбірленушілерге келтірілген шығын толық өтелген.
Соған қарамастан сот Жарылқасын Болатұлын кінәлі деп танып, оны орташа қауіпсіздік мекемесінде 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті.