Әлеумет

Алматыда өгей әкесін өлтірді деген күдікпен ер адам ұсталды

Алматыда 59 жастағы өгей әкесін отбасылық жанжал кезінде өлтірді деген күдікпен 34 жастағы ер адам ұсталды. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

П

«Түнгі сағат үштер шамасында "102" арнасына Алмалы ауданындағы Брусиловский көшесінде орналасқан тұрғын үйлердің біріндегі пәтерде жанжал болғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы дереу жетті. Дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, зардап шеккен ер адамды аман алып қалу мүмкін болмады. Ол көптеген пышақ жарақаты мен көп қан жоғалтудың салдарынан көз жұмды. Алмалы аудандық полиция қызметкерлері күдіктіні ізін суытпай ұстады. Ол қаза тапқан азаматтың 34 жастағы өгей ұлы болып шықты», – делінген хабарламада.

Тергеудің алдын ала нұсқасына сәйкес, отбасылық жанжал кезінде күдікті ер адам өгей әкесіне асүй пышағымен бірнеше рет соққы жасаған.

Күдіктінің айтуынша, жанжал анасына қатысты келіспеушіліктен туындаған. Алайда бұл нұсқа тергеу барысында жан-жақты тексеріліп жатыр.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде.

Тегтер: Алматы
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз