Алматыда сауда үйінің маңында өрт шықты

Алатау ауданындағы «Алатау» сауда үйінің маңында аспанға көтерілген қара түтінді куәгерлер видеоға түсіріп алған. Алдын ала мәлімет бойынша, «Самғау» шағын ауданында қойма өртеніп жатыр.
Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті өрт орнына 14:48-де өрт сөндірушілер жіберілгенін хабарлады.
«Штаб жұмысы жұмылдырылды, бірнеше өрт сөндіру учаскелері құрылды», - деп хабарлады Алматы қалалық ТЖД баспасөз қызметі.
Еске салайық, 5 сәуірде Алматының Алатау ауданында ірі өрт болды. Куәгерлердің айтуынша, үш қабатты жатақхананың ғимараты өртенген. Бұдан кейін Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі Алатау ауданына қарасты «Әйгерім-1» ықшамауданындағы өрт 00:21-де сөндірілді деп жауап берді.
Бұған дейін Шығыс Қазақстандағы Приречное ауылындағы шаруа қожалығының аумағында күнбағыс қабығы өртенген болатын. Өрттің таралуына екпінді жел ықпал етті. Ауылға қою түтін жетті, сондықтан құтқарушылар 112 үйдің тұрғындарын эвакуациялауды ұйғарған.