Live

СҚО-да полициямен кездескеннен кейін қайтыс болған азаматтың анасы істі қайта тергеуді сұрады

Петропавл тұрғыны Ирина Рейбант ұлы Анатолий Рейбанттың өліміне қатысты қылмыстық істі қайта тергеп, оны Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар қызметіне беруді сұрап отыр.

сот

Анатолий Рейбант 2017 жылғы 4 маусымда, полиция қызметкерлерімен кездескеннен кейін үш ай өткен соң үйінде қайтыс болған. Марқұмның анасының айтуынша, 2018 жылы жүргізілген эксгумациядан кейінгі сараптама оның бет сүйектерінде бірнеше сынық болғанын анықтаған.

Қазақстандық халықаралық адам құқықтары бюросының мәліметінше, комиссиялық сот-медициналық сараптама жарақаттардың доғал заттардан болғанын және олардың 2017 жылғы 2 наурызда – Рейбант полиция қызметкерлерімен кездескен күні алынғанын көрсеткен.

Алайда тергеу ер адамның жарақаттары мен өлімі арасында себеп-салдарлық байланыс анықтамаған. Полиция қызметкерлерінің билікті және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануына қатысты қозғалған іс те кейін тоқтатылған.

Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы істің «қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты» тоқтатылғанын мәлімдеді. Ведомство Ирина Рейбанттың соңғы өтінішінде жаңа дәлелдер немесе жаңадан ашылған мән-жайлар келтірілмегенін айтып, онымен хат алмасуды тоқтатқан.

Ал марқұмның анасы тоғыз жылдан бері істің толық әрі объективті тергелуін талап етіп келеді. Оның сөзінше, эксгумация кезінде сараптамаға алынған ұлының сүйек қалдықтарының бір бөлігі әлі күнге дейін ауылдық округ әкімдігінде сақтаулы.

Құқық қорғаушылар да істі қайта қарау қажет деп есептейді. Ирина Рейбант енді істі ерекше жағдай ретінде қарап, тергеуді Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар қызметіне тапсыруды сұрап отыр.

Тегтер: қылмыс
Т. РАУШАНҰЛЫ
Т. РАУШАНҰЛЫ Т. РАУШАНҰЛЫ

Оқыңыз