Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:27, 04 Наурыз 2024

Алматыда жер сілкінісіне байланысты фейк ақпараттар тарады

Алматы жер сілкінісі
Фото: shutterstock

Бүгін Алматы қаласында сағат 11:22-де тұрғындар жер дүмпуін сезінді. Бұл жолы қалада сирена дыбысы естілді. 5 баллдық жер сілкінісінен кейін дәл қазіргі уақытта Алматы көшелерінде көлік кептелісі байқалады.

Апаттық жағдай орын алғанына 4 сағаттай уақыт өтті. Аз уақыт аралығында-ақ фейк ақпараттар желдей есетіні белгілі. Соның бірі бүгін «whatsapp» әлеуметтік желісіне «Менің туған жездем Өскемен қаласындағы МЧС-те істейді. Оларды Алматыға келуге арнайы дайындап жатыр. Түнгі 12 мен таңғы 6 арасында қатты жер сілкінісі болады дайын отырыңдар деп маған жазып жатыр» деген дыбыстық хабарлама тарады. 

Осы ақпараттың анық-қанығына көз жеткізу үшін Төтенше жағдайлар министрлігімен байланысқа шықтық. Өскеменнен арнайы жасақ жіберілмегенін айтып бұл ақпараттың жалғандығын жеткізді. Халықты тек тексерілген нақты ақпаратқа сенуге шақырды.

ТЖМ хабарлауынша, Алматы қаласында ТЖ күштері мен құралдарын күшейтуді топтастыру жүргізіліп жатқан жоқ және азаматтық қорғау жүйесі штаттық режимде жұмыс істеуде!

Кезектен тыс Алқа отырысының қорытындысы бойынша Сейсмологиялық байқаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығының сейсмикалық жағдайды бағалау жөніндегі комиссиясы алдағы күндері Алматы болжамды полигонының аумағында күшті жойқын жер сілкінісінің ықтималдылығы 70% орын алмайтындығын, алайда қауіп төндірмейтін қайталама жер тербелістері болуы мүмкін екенін ескертті.

Жоғарыда аталған Комиссияның шешімі негізінде ТЖД тұрғындарды тұрғылықты жерлеріне қайтуға болады деп шешім қабылданды. ТЖМ жалған ақпарат таратқан адам қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын қатаң ескертті.

Фото: shutterstock