Алматыда жер үйлерге сұраныс күрт артып кетті
23 қаңтарда болған Алматыдағы жер сілкінісінен кейін қаладағы жер үйлер мен саяжайларға сұраныс төрт есе өскен, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
Алматыда көпқабатты үйлердің тұрғындары жалға берілетін жер үй іздеп кеткен. Ал риелторлар болса жалға берілетін жер үй мен саяжайларға сұраныстың артуы, бағаның өзгеруіне әкелетінін айтты.
"Мысалы, мен жаңа жылға дейін 115 шаршы метрді 700 мың деп қойған едім, жеті қабатты үйдің екінші қабаты. Жер сілкінісі болмай тұрып, оны 600 мыңға өткізіп тастаған едім. Енді жер сілкінісі болғаннан кейін адамдар хабарласа бастады. Өйткені бәрі қаша бастаған. Жер үйлерге де бағаны өте қымбат қойып қойған. Өйткені, мысалы, бір жарым млн деп тұрған үйлерді 2 млн деп қойған", - дейді риелтор Қуаныш Шәріпов.
Риэлтердің сөзінше, үйін 1 миллион теңгеге сатуға қойғандар, бүгінде ол үйді 1 жарым млн теңге деп қойған. Ал шетелдік тәжірибеге сүйенген мамандар "Алдағы уақытта көпқабатты баспаналардың бағасы арзандап, жер үйлердің құны өсуі мүмкін", дейді. Олардың сөзінше, бұл уақытша құбылыс болуы мүмкін.
"Қысқаша мерзім ішінде пәтер бағасының өсуі 10-20 пайыздың арасында болуы мүмкін. Ал жер үйдің бағасын өсірсе ,10 пайызға өсіруі мүмкін. Былтыр Түркияда болған жер сілкінісінде қысқаша мерзімде сұраныс азайып кетті. 3-4 ай өткеннен кейін сұраныс ақырын орнына келді. Айтарлықтай түсті деп айтуға болмайды", - дейді бағалау маманы Бауыржан Бектаев.