Алматыда жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен 25 жастағы жігіттің мәйіті табылды
19 мамыр күні жұмысқа кеткен Ерзат Егізбай із-түзсіз жоғалып кеткен. Оны полиция қызметкерлері мен еріктілер бірнеше күн бойы іздеген.
Марқұмды іздеуге Алматы қалалық полиция департаментінің жеке құрамы толық жұмылдырылған. Сонымен қатар, «Қоғам» және Lider KZ еріктілер ұйымдарының мүшелері де іздеу жұмыстарына қатысқан.
Еріктілер ұйымы әлеуметтік желідегі парақшасында Ерзаттың сүйегі табылғанын хабарлады.
«Марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. Бұл ауыр қасіретті еңсеруге күш пен сабыр тілейміз. Өкінішке қарай, іздеу жұмыстары қаралы хабармен аяқталды», – делінген хабарламада.
Туыстарының айтуынша, 19 мамыр күні Ерзат әдеттегідей жұмысқа кеткен. Сағат түскі екі шамасында ол басшысынан дүкенге барып келуге сұранған. Алайда кейін автобусқа отырып, Еңбекшіқазақ ауданындағы Космос ауылы бағытына кетіп қалған.
Соңғы рет оның телефоны дәл сол маңда байланысқа шыққан.
Жұбайының сөзінше, Ерзат бұған дейін ешқашан үйінен ескертусіз кетіп көрмеген. Сондай-ақ оның қылмыстық жауапкершілікке тартылмағаны және ешқандай есепте тұрмағаны айтылды.