Live

Алматыдағы соттан журналист Вадим Борейко ісіне БАҚ өкілдерін кіргізуді сұрады

Алматыда журналист Вадим Борейкоке қатысты сот процесіне бұқаралық ақпарат құралдарын қатыстыру туралы өтініш жасалды. Бұл туралы «Сот репортерлері гильдиясы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жанна Байтелова хабарлады.

Вадим Борейко

Оның айтуынша, Etude-Ybyrai құрылыс компаниясының «Гиперборей» YouTube арнасының авторы әрі жүргізушісі Вадим Борейкоға қарсы 71 миллион теңге көлемінде талап арыз беруі қоғам мен БАҚ тарапынан үлкен қызығушылық тудырған.

«Осыған байланысты Бостандық аудандық сотының төрағасына, сот әкімшісіне және Алматы қалалық сотының қоғаммен және БАҚ-пен байланысқа жауапты қызметкерлеріне өтініш жолдадым. Журналистер мен тыңдаушыларды орналастыру үшін кеңірек сот залын беруді сұрадым», - деді Байтелова әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ол бұл өтінішті «Сот репортерлері гильдиясы» ұйымының төрайымы ретінде жасағанын айтты. Сондай-ақ 2016 жылы Алматы сотымен сот төрелігінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында мерзімсіз меморандум жасалғанын еске салды.

«Сот процесі ашық өтеді. Ол 19 мамыр күні сағат 15:00-де Алматы қаласының Бостандық аудандық сотында басталады», - деді Байтелова.

Еске салсақ, 28 сәуірде Вадим Борейко Алматыдағы Etude-Ybyrai компаниясының шағымынан кейін өзінің есепшоттары бұғатталғанын мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, дау туғызған материалдарда айтылған ақпараттың бір бөлігін тұрғындар мен мемлекеттік органдар өкілдері де растаған, ал өзі тек сол мәлімдемелерді жариялаған.

Кейін танымал қазақстандық адвокат Айман Омарова Борейконың есепшоттарының өте жылдам бұғатталуы күмән туғызатынын айтса, журналист Михаил Козачков соттардың журналистерге «екінші сортты адамдай» қарайтыны туралы пікір білдірген.

29 сәуірде депутат Анас Баққожаев жеке сот орындаушылары зейнетақы түсетін есепшоттарды бұғаттап, зейнеткерлерді әуре-сарсаңға салып отырғанын сынға алды.

Сол күні Жеке сот орындаушылары республикалық палатасының төрағасы Нұржан Арынғазинов Борейконың жағдайына байланысты пікір білдіріп, журналистке арнайы есепшот ашуға кеңес берген.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз