Сараптама

Алматыдағы үш адамның өмірін қиған жол апатына байланысты қозғалған қылмыстық істердің бірі тоқтатылды

Алматыдағы Аль-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған резонансты жол апатына байланысты қозғалған қылмыстық істердің бірі тоқтатылды.

Жол апаты

 Әңгіме жүргізушімен бірге болған және тергеу нұсқасы бойынша оның мас күйде болғанын жасыруға тырысқан куәгерлерге қатысты іс туралы болып отыр.

Бұған дейін марқұмдардың бірінің отбасының мүддесін қорғаған заңгер Мейірман Шекеев жүргізушімен бірге ішімдік ішкен төрт азаматқа қатысты Қылмыстық кодекстің 420-бабы («Көрінеу жалған жауап беру») бойынша іс қозғалғанын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, олар алғашқы жауаптарында Zeekr жүргізушісі алкоголь қолданбағанын айтқан. Алайда кейін медициналық сараптама қорытындысы мен төленген шот секілді дәлелдер анықталған соң бұл эпизод жеке өндіріске бөлінген.

Соған қарамастан, Ішкі істер министрлігі жүргізген тергеу нәтижесінде 2026 жылғы 28 мамырда аталған қылмыстық іс құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған. Ведомство бұл шешімнің заңдылығын прокуратура тексеретінін хабарлады.

Тағы қандай істер тергеліп жатыр?

Негізгі қылмыстық істен бөлек тағы екі бағыт бойынша тергеу жүргізілген:

Алматы полициясы басшыларының бірінің жүргізушісі болған қызметкерге қатысты «қызметтегі әрекетсіздік» бабы бойынша іс қозғалған. Тергеу аяқталған.

Zeekr көлігіндегі 100 QR 02 мемлекеттік нөмірінің заңсыз берілуі мүмкін деген күдікпен билікті асыра пайдалану фактісі бойынша бөлек тергеу жалғасып жатыр.

 Александр Пак
Фото: orda.kz

Жүргізушіге қандай айып тағылған?

Тергеу мәліметінше, 21 наурызға қараған түні Zeekr көлігінің жүргізушісі мас күйінде рөлге отырып, Аль-Фараби мен Меңдіқұлов көшелерінің қиылысында қарсы жолаққа шығып кеткен. Соның салдарынан Mercedes көлігімен бетпе-бет соқтығысып, үш адам оқиға орнында қаза тапқан.

Прокурор жариялаған сараптама қорытындысына сәйкес, жүргізушінің қанынан 1,30 промилле алкоголь анықталған. Сондай-ақ апат алдындағы жылдамдығы сағатына 219 шақырым болған.

Күдікті Қылмыстық кодекстің 345-1-бабының 4-бөлігі бойынша айыпталып отыр. Бұл бап бойынша 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Жәбірленушілердің ұстанымы өзгерді

Сот барысында қаза тапқан үш адамның екеуінің туыстары айыпталушымен татуласқанын айтып, оған шартты жаза тағайындауды сұрады. Ал үшінші марқұмның отбасы әзірге өз ұстанымын жариялаған жоқ.

Дегенмен ІІМ өкілдері жәбірленушілердің кешірімі бұл іс бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатуға негіз болмайтынын мәлімдеді.

Аль-Фарабидегі апат қоғамда үлкен резонанс туғызып, кейін полиция басшылығындағы бірнеше лауазымды тұлғаның қызметтен кетуіне себеп болған еді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз