Live

Алматыдағы жол апаты: экс-депутаттың мәлімдемесінен кейінгі қайта тексеріс заңбұзушылықтарды анықтамады

Алматыда болған резонансты жол-көлік оқиғасына қатысты Мәжілістің бұрынғы депутаты Мұрат Әбеновтің мәлімдемесінен кейін жүргізілген қосымша тексеріс полиция қызметкерлерінің әрекетінен заңбұзушылық анықтамады.

Жол апаты

Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаменті хабарлады.

Полицияның мәліметінше, Әбенов жол апатына кінәлі жүргізушінің жол қозғалысы ережелерін бірнеше рет бұзғанына қарамастан, полиция әрекетсіздік танытты деген уәж айтқан. Осыған байланысты департамент қосымша тексеру жүргізген.

«Тексеру нәтижесінде жарияланған мәлімдемелер объективті емес және іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес келмейтіні белгілі болды», – делінген хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, қылмыстық іс аясында жүргізушінің көлікпен жүрген бүкіл бағыты бейнежазбалар арқылы зерттелген. Сонымен қатар автоматты бақылау жүйелері тіркеген жол ережесін бұзу деректері бойынша жүргізуші заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылған.

Полицияның айтуынша, жол апатына дейін Zeekr жүргізушісі полиция қызметкерлерімен ұсталып, кейін босатылды деген ақпарат та расталмаған.

Еске салайық, 21 наурызда Алматыда үш адамның өмірін қиған жол апаты болған еді. Кейін бұл іске қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалып, ішкі істер органдарында қызметтік тексеру жүргізілді. Бірқатар полиция басшылары қызметінен босатылып, ал жол апатына кінәлі жүргізуші сот үкімімен жазаланған болатын.

6 шілдеде экс-депутат Мұрат Әбенов осы іс бойынша полиция қызметкерлерінің әрекетсіздігіне құқықтық баға беруді талап еткен еді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз