Сараптама

Алматының бұрынғы бас сәулетшісі өзін үй қамаққа ауыстыруды сұрады

Алматыда қаланың бұрынғы бас сәулетшісі Алмасхан Ахмеджанов және өзге де айыпталушыларға қатысты резонансты іс бойынша алдын ала сот тыңдаулары өтті.

Алмасхан Ахмеджанов

Бұған дейін апелляциялық саты Ахмеджановқа 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған үкімнің күшін жойып, істі елеулі процессуалдық бұзушылықтарға байланысты прокуратураға қайтарған болатын. Енді іс жаңартылған айыптау актісімен қайтадан Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотта қаралып жатыр.

Алдын ала тыңдау қалай өтті

Сот барысында Ахмеджановтың қорғаушылары оның 2 жыл 8 ай бойы заңсыз қамауда отырғанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, қамауда ұстау мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен.

Адвокаттар соттан бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыруды немесе өзге де жеңіл шара қолдануды сұрады. Сонымен қатар, олар айыпталушының денсаулық жағдайына назар аударуды өтінді.

Сот қаулысында:

«Адвокаттар Ахмеджановқа қатысты бұлтартпау шарасын үйқамаққа немесе өзге шараға өзгертуді сұрайды. Айыпталушы үшінші топтағы мүгедек, жүрек жеткіліксіздігімен ауырады. Оның сотқа кедергі келтіруі немесе жасырынуы мүмкін екендігін дәлелдейтін деректер жоқ», – делінген.

Басқа айыпталушылар – Ардақ Самамбетов, Ерлан Жармұханбетов және Алмазхан Бакировтың қорғаушылары қылмыстық істі тоқтатуды сұрады. Олардың айтуынша, прокуратура бұрын үкімнің күшін жоюға себеп болған заңбұзушылықтарды жоймаған.

Егер іс тоқтатылмаса, адвокаттар оларды тергеу изоляторынан босатып, қамауға байланысты емес шара қолдануды талап етті. Сондай-ақ, Бакировтың да үшінші топтағы мүгедек екені және тұрақты медициналық бақылауды қажет ететіні айтылды.

Сот қандай шешім шығарды

Судья Бақытжан Бәкірбаев айыпталушыларды қамаудан босатуға негіз жоқ деп тапты. Соттың түсіндіруінше, іс жаңа айыптау актісімен түскендіктен, қамауда ұстау мерзімі 2026 жылғы 7 сәуірден бастап қайта есептеледі.

Сондай-ақ сот Ахмеджанов пен Бакировтың денсаулығына қатысты уәждерді де қабылдамады. Судья олардың қамауда болғанның өзінде медициналық көмек ала алатынын айтты.

«Шұғыл медициналық көрсеткіштер болған жағдайда науқас аумақтық медициналық ұйымға жеткізіледі. Яғни, қолданыстағы заңнама қамауда отырған тұлғаларға стационарлық ем көрсету тәртібін қарастырады», – делінген қаулыда.

Осылайша, Алмасхан Ахмеджанов, Ардақ Самамбетов, Ерлан Жармұханбетов және Алмазхан Бакиров қамауда қалады. Ал Мұханбеталы Шалқарбеков пен Берік Үскембаев кепілмен босатылған.

Алғашқы үкім неге жойылды

2026 жылғы 25 ақпанда апелляциялық алқа 2025 жылғы 17 ақпандағы бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін жойды.

Сот материалдарына сәйкес, бұған сот тергеуінің толық жүргізілмеуі және процессуалдық заңбұзушылықтар себеп болған.

Сонымен қатар, Алматы әкіміне сотталғандардан 6 млрд 404 млн теңгеден астам сома өндіріп алу жөнінде талап қою туралы жеке қаулы да күшін жойды.

Бұрынғы бас сәулетші не үшін сотталды

2025 жылғы 17 ақпанда Алматының Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты алты айыпталушыны жер қатынастарына байланысты алаяқтық істері бойынша кінәлі деп таныған.

Жаза мынадай болған:

Алмасхан Ахмеджанов – аса ірі көлемдегі алаяқтыққа көмектесу және қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану бойынша 11 жыл;

Ардақ Самамбетов – аса ірі көлемде жымқыру және алаяқтыққа көмектесу үшін 10 жыл;

Ерлан Жармұханбетов – жымқыруға көмектесу, алаяқтық, пара алуға оқталу және қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану бойынша 14 жыл;

Алмазхан Бакиров – жымқыруға көмектесу, алаяқтық, пара беруге оқталу бойынша 8 жыл;

Кәсіпкер Берік Үскембаев пен «Ақ жол» партиясының Жамбыл филиалының басшысы Мұханбеталы Шалқарбеков – алаяқтық бойынша 5 жыл шартты жаза.

Істің мәні

Қылмыстық іс 23 эпизодтан тұрады. Тергеу нұсқасына сәйкес, Ахмеджанов жерді мақсатқа сәйкес келмесе де «Династия» және Jetisu Park тұрғын үй кешендерінің жобаларын келісіп берген.

Жеке тұрғын үй құрылысына арналған жерлерде көпқабатты үйлер салынған. Осы ретте бас сәулетші архитектуралық-жоспарлау тапсырмаларын беріп, эскиздік жобаларды бекіткен.

Салдарынан бюджет кадастрлық төлемдерден едәуір қаражатты жоғалтқан. Бір ғана эпизод бойынша шығын 152 млн теңгеге жуық.

Сонымен қатар, тергеу деректеріне сәйкес, Ахмеджанов «адалдық» үшін туыстарына пайда алған:

River Park – күйеу баласына пәтер 9,6 млн теңгеге (нарықта 31 млн);

Jetisu Park – 11 млн теңгеге (нарықта 36 млн);

Elite Life – анасына пәтер мен паркинг іс жүзінде тегін берілген.

Тағы бір эпизод «Қазақфильм» ықшамауданындағы жер теліміне қатысты. Ол медициналық орталық салу деген желеумен 5,4 млн теңгеге сатылған, ал нарықтағы бағасы шамамен 80 млн теңге болған. Шын мәнінде нысан салынбаған.

Еске салайық, 2023 жылғы 19 маусымда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматының бұрынғы бас сәулетшісінің ұсталғанын хабарлаған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз