Алматының экс-полиция басшысының орынбасары Ұзабаевтың жүргізушісіне қатысты сот отырысы басталды
Алматыда қалалық полиция департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаевтың жүргізушісі А.Ж.-ға қатысты сот процесі басталды. Ол қызметтік міндетін тиісінше орындамады деген айыппен сотталып жатыр.
Тергеу нұсқасына сәйкес, оның әрекетсіздігі Әл-Фараби даңғылындағы адам өлімімен аяқталған жол апатына себеп болуы мүмкін. 7 қыркүйекте Медеу аудандық сотында іс бойынша Ержан Ұзабаев куәгер ретінде жауап берді.
Ұзабаевтың айтуынша, А.Ж. 2025 жылдың мамырында оның жүргізушісі болып жұмысқа қабылданған. Оған қызметтік Hyundai Palisade көлігі бекітілген. Жүргізуші жұмыс аяқталғаннан кейін көлікті арнайы автопаркке қайтаруы тиіс болған.
«Маған Hyundai Palisade бекітілген еді. Оны тек жүргізуші басқарды. Жұмыс аяқталғаннан кейін көлік автошаруашылықтағы гаражда тұруы керек болатын», – деді Ержан Ұзабаев сотта.
Оның сөзінше, 20 наурыз күні жүргізушісі оны арнайы іс-шараға алып барған. Кейін шамамен сағат 21:30-да жүргізуші бұрынғы полиция басшысының орынбасарын үйіне жеткізген.
Алайда тергеу мәліметіне сәйкес, жүргізуші кейін қызметтік көлікті гаражға апармай, мейрамханаға барған. Сол түні А.Ж.-мен өлімге әкелген жол апатына кінәлі деп танылған Александр Пактың көліктері бір-бірін кезек-кезек басып озғаны туралы да сотта айтылды.
Ержан Ұзабаев Александр Пакпен жеке таныс болмағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Пакты сырттай білген және шетелде кездейсоқ жолыққан.
Бұған дейін Әл-Фараби даңғылындағы адам өлімімен аяқталған жол апатынан кейін Ішкі істер министрлігі қызметтік тексеру жүргізген. Оның қорытындысы бойынша Ержан Ұзабаев пен бірнеше полиция қызметкері қызметінен босатылған.
Сотта бұрынғы басшы өзінің жүргізушісіне оң мінездеме берді.
Іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр.