Баған

Алматы декларациясына – 35 жыл: ТМД-ның өткені мен болашағы талқыланды

Кеңес одағы тарап, одақ құрамында болған мемлекеттер өз тәуелсіздігін жариялаған соң бұрын КСРО құрамында болған елдер бірігіп, Тәуелсіз мемлекеттер достастығын (ТМД) құрды.

Сыртқы істер министрлігі

Осы одақтың құрылуына негіз болған Алматы декларациясының қабылданғанына биыл 35 жыл толып отыр. Осыған орай жақында Алматы қаласында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. "Алматы декларациясы: диалог, ынтымақтастық және тату көршілікке 35 жыл" тақырыбындағы жиынға Қазақстан мен ТМД елдерінің мемлекеттік органдары, ғылыми-зерттеу мекемелері және сарапшылық ұйымдарының өкілдері қатысты.

Жиында Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы Өкілдігінің басшысы, Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші Жәнібек Әбдрашов сыртқы істер министрінің құттықтау үндеуін оқып берді. Сондай-ақ Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов пен ТМД Бас хатшысының бірінші орынбасары Игорь Петришенко сөз сөйледі.

Конференция барысында Алматы декларациясының тарихи рөлі, Достастықтың қазіргі жағдайы мен даму мүмкіндіктері, экономикалық байланыстар және Орталық Азия мемлекеттері арасындағы ықпалдастық мәселелері талқыланды.

Айта кетейік, ТМД-ның құрылуына 1991 жылғы 8 желтоқсанда Ресей, Беларусь және Украина басшылары қол қойған Беловеж келісімі негіз болды. Ал сол жылғы 21 желтоқсанда Алматыда бұрынғы Кеңес одағы құрамында болған 11 республиканың басшылары бас қосып, Алматы декларациясы мен ТМД құру туралы хаттамаға қол қойды. Осылайша Достастықтың құрылуы кеңестік кеңістіктегі жаңа мемлекетаралық қатынастардың қалыптасуына жол ашты.

Конференцияға қатысушылар арада 35 жыл өтсе де, декларацияда бекітілген мемлекеттік егемендікті құрметтеу, аумақтық тұтастықты сақтау, тең құқықтылық, тату көршілік және дауларды бейбіт жолмен шешу қағидаттарының маңызын жоғалтпағанын атап өтті. Сонымен қатар мемлекеттер арасындағы өзара сенім мен ашық диалогты нығайту қажеттігіне назар аударды.

Алматы декларациясының мерейтойына арналған жиын тарихи құжаттың мәнін еске алумен ғана шектелмей, посткеңестік кеңістіктегі ынтымақтастықтың бүгінгі бағыты мен болашағын саралауға мүмкіндік берді.

Қазақстан үшін ТМД шеңберіндегі ынтымақтастықтың экономикалық және саяси маңызы бар. Географиялық орналасуы, көршілес мемлекеттермен қалыптасқан сауда байланыстары, ортақ көлік дәліздері мен энергетикалық инфрақұрылым елдің өңірлік ықпалдастыққа мүдделілігін арттырады. Сонымен қатар Астана халықаралық қатынастарда көпвекторлы саясат жүргізе отырып, ТМД-мен қатар Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және басқа да халықаралық құрылымдар аясында жұмыс істеп келеді.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз