Алматыда антибиотик екпесінен кейін 14 жастағы бала қайтыс болды
Алматыда антибиотик егілгеннен кейін жағдайы күрт нашарлаған 14 жастағы жасөспірім көз жұмды. Полиция қылмыстық іс қозғады.
Қайғылы оқиға 21 қазанда Алматыдағы №37 қалалық емханада болған. Сегізінші сынып оқушысы Максим Кубаревтің лимфа түйіндері ұлғайғандықтан, ата-анасы оны дәрігерге апарған. Инфекционист антибиотик тағайындап, препаратты енгізер алдында сынама жасау қажеттігін ескерткен.
Анасының айтуынша, екпеден кейін баланың жағдайы күрт нашарлаған. Жасөспірім өзін жайсыз сезініп, денесі құрысып, кейін есінен танып қалған.
«Ол өзін нашар сезінетінін, бүкіл денесі шаншып жатқанын айтты. Жағдайы өте тез нашарлады. Кейін құрысып, есінен танып қалды», – дейді анасы Мария Кубарева.
Бала шұғыл түрде Балаларға жедел медициналық көмек көрсету орталығына жеткізіліп, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Дәрігерлер жеті күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, аман алып қала алмаған.
Ата-анасы баласында ауыр аллергиялық реакция болуы мүмкін деп күдіктенеді. Сондай-ақ олар дәрінің мөлшері, медициналық құжаттардағы сәйкессіздіктер және жедел көмектің қаншалықты уақытылы көрсетілгені тексерілуін талап етіп отыр.
Алматы қалалық полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.
«Қажетті сараптамалар тағайындалды. Олардың нәтижесі бойынша қылмыстық іс аясында процессуалдық шешім қабылданады», – деді полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасы марқұмның отбасына көңіл айтып, тексеру аяқталғаннан кейін қосымша ақпарат берілетінін мәлімдеді.
Әзірге жасөспірімнің өліміне нақты не себеп болғаны анықталған жоқ.