Алматыда такси жүргізушісі жапониялық туристен 95 мың теңге талап еткен
Алматыда такси жүргізушісі жапониялық туристен 95 мың теңге талап еткен
Алматыда әуежайдан қалаға дейінгі 14 шақырым жол үшін жапониялық туристен 95 мың теңге талап еткен такси жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұл туралы туристің қазақстандық құрбысы Threads әлеуметтік желісінде жазды. Оның айтуынша, әуежайдағы такси жүргізушілері шетелдік азаматшаны есептегіш арқылы төлем жасау арзанға түседі деп сендірген. Алайда жарты сағаттық жол үшін 95 мың теңге сұраған.
"Абырой болғанда, 40 мың теңге шегерілгеннен кейін банк күмәнді транзакцияны бұғаттап тастады. Ал жүргізуші оған жеңілдік жасағанын айтыпты", – дейді жазба авторы.
Оның айтуынша, такси жүргізушісі кейін туристке WhatsApp арқылы хабарласып, жақынырақ танысуды және қаланы аралатуды ұсынған. Жапониялық турист Қазақстанға қысқа мерзімге келіп, келесі күні еліне қайтып кеткен.
Алматы қалалық полиция департаменті әлеуметтік желідегі жарияланымға қатысты тексеру жүргізіп, жүргізушіні әкімшілік жауапкершілікке тартқанын хабарлады.
Жазба астында қазақстандықтар Алматы мен Астана әуежайларында осындай жағдайларға тап болғанын жазған.
Айта кетейік, 2019 жылы Алматыда такси жүргізушісі шетелдік туристен әуежайдан қалаға жеткізгені үшін 33 мың теңге алған еді. Оқиға қоғамда резонанс тудырғаннан кейін жүргізуші табылып, жолаушының ақшасы қайтарылған.
Ал 2023 жылы арнайы жұмыс тобы Алматы әуежайынан қатынайтын таксилерге жол қашықтығы мен көлік санатына қарай 1200-ден 12 мың теңгеге дейінгі тарифтерді ұсынған.