Саясат

Алты партия «атқа мінсе»...

Келер жылғы парламент сайлауы шын мәнінде қызық болайын деп тұр. Мұның бірнеше себебі бар.

Алты партия «атқа мінсе»...

Бұрынғы жүйеден сабақтастық рөлін қалап алған және оны жалғастырып келе жатқан қазіргі биліктің бұл бірінші сайлауы емес. Екінші сайлауы. Бірақ президенттік сайлаудан сабақ алған бұқара бұл жолы қандай белсенділігімен ерекшеленеді?

      Рас, биліктің кандидатына Қосанов бәсекелес болған сайлау бақылаушылардың мықтылығымен есте қалды. Бақылаушылар талай былықты әшкерелесе де, бәрібір биліктің таңдауы болды. Жеңіс нәтижесі президенттік сайлау аяқталмай жатып белгілі болды. Ал алдағы парламенттік сайлау ше?

      Ақиқатын айтайық, бұл сайлау қызықсыз өтеді. Мысалы, бұқара үшін Әміржан Қосанов ескі және жаңа тұлға болды. Халық билікке қарсылық ретінде Қосановқа дауыс берді. Ал бұл жолы қалай болады?  Қазірден айта берейік, бұл жолғы парламенттік сайлауда еліміздегі жетекші партия – «Nur Otan» сөзсіз жеңіске жетеді. Бұл – бұлтартпас факт. Мойында-мойындама, мәселе осында. Өйткені, біріншіден, «Nur Otan» бұл сайлауға асқан дайындықпен келді. Екіншіден, тағы да бұрынғыдай үзілмес сабақтастық ретінде келе жатқан әкімшілік ресурстарын қолданады. Үшіншіден, әкімшіліктегілер тағы да жетекші партияның төрағасы үшін жұмыс істейді. Сөйтіп, жетекші партияның даңқын қолдан жасап, тағы да оның сөзсіз жеңісін паш етеді. 

      Бұл  елімізде «Nur Otan» партиясына бәсекелес бола алатын  саяси ұйым жоқ екенін тағы да сөзсіз дәлелдеу болып шығады. Бұрыннан келе жатқан алты партияның нөкерлері аламан додада атқа мінгенімен, пайда жоқ. Олар  бәрібір билікке бүйрегі бұратын партиялар. Ақорданың жаңа партия құруға талаптанғандарды тіркемеуінің де сыры бар. Халық сайлауда дауыс беру барысында  «Тек Nur Otan»-ға емес!» принципін ұстанып кетуі мүмкін. Сондықтан билік жаңа сайлауға ескі партиялармен баруды жөн санады. Бұл биліктің шабармандары үшін керек шығар. Бірақ жаңа партияларды тіркемеу демократия принциптеріне қайшы емес пе? Солай десек те, енді көнбеске амал жоқ. Бірақ біз үшін қызығы, екі жарым айдан кейінгі парламенттік сайлауда дауыс қалай бөлінеді? 

      2016 жылғы парламенттік сайлауда мәжіліске үш партия кіргені белгілі.  Олар – «Nur Otan», «Ақ жол» және Қазақстан коммунистік халық партиясы. «Nur Otan» – 82,20, Қазақстан коммунистік халық партиясы –  7,14, «Ақ жол» демократиялық партиясы 7,18 пайыз дауыс алды. Пайызды енді санмен сөйлетсек,  «Nur Otan» – 84, «Ақ жол» –7 және Қазақстан коммунистік халық партиясы 7 мандатқа ие болды. Қазақстан халқы ассамблеясынан парламент мәжілісі депутаттығына тоғыз адам сайланды.

Ал бұл жолы қалай болмақ?  «Nur Otan» тағы 82 пайыз ала ма? Біздің пайымдауымызша, бұл жолғы сайлауда «Nur Otan» бұрынғы жетістігін қайталай алмайды.

      Жаңадан құрылмақшы болған партияларды тіркемегендіктен, енді парламенттен бұрынғы тіркелген партияларға дауыс бөлініп берілуі мүмкін. Әдеттегідей басым дауысты «Nur Otan» алады, бірақ 2016 жылғыдай 84 мандат иеленбеуі мүмкін, бұл көрсеткіш 80 шамасында болуы ықтимал. Қалған дауыс – басқаларға! Сарапшылардың айтуына қарағанда, негізгі қолдан жасалынған оппозициялық партия ретінде «Ақ жол» алға шығады. Олар парламенттен 7-8 дауыс алуы мүмкін. Бұл жолы Қазақстан коммунистік халық партиясының көрсеткіші бек төмендеуі мүмкін. Бұрын олар 7 орын алса, бұл көрсеткіш осы жолы 3-4 дауысқа құлдырауы ықтимал.  Өйткені коммунистердің күні бітті, дәурені өтіп барады. Мұны бұқара халық біледі, енді билік те бек түсіне бастады деуге негіз бар. Сондықтан ауыл-аймақтың жағдайы мен партияның рөлін көтеру мақсатында билік «Ауыл» партиясының мәртебесін көтеруге күш салады. Сөйтіп, Әли Бектаевтың партиясы парламенттен 5-6 орын алуы ықтимал. 2019 жылы президенттік сайлауда өз үміткері Төлеутай Рахымбековті ұсынып, «ауылдықтар» атын бір шығарып алды. Расы керек, 2015 жылы құрылып, 2016 жылғы парламенттік сайлауға толыққанды қатыса алмаған «Ауыл» партиясы бұл жолы қайтсе де парламенттен орын алады. Оның үстіне ауылдың жағдайы әлі де мәз емес. Ауыл мәселесінің актуалдығын ескере отырып, Ақорда бұл жолы «Ауылға» парламенттен орын береді. Қалған тоғыз орын бұрынғыдай ассамблеяға беріледі.

      Әлемде бұрыннан бар праймеризді жаңашылдық ретінде ұсынған  «Nur Otan» партиясының парламенттегі құрамы жаңаруы мүмкін.  Өйткені бұл 2016 жыл емес, заман, қоғам мен адамның санасы өзгерді. 2016 жылғы парламенттік сайлау барысында бұрынғы 45 депутат парламентке қайтып келіп, құрамның 55 пайызы ғана жаңарған. Бұл жолы «Nur Otan» партиясының парламенттегі жаңаруы ұлғаяды. Оның үстіне парламенттегі 30 пайыз жастар мен әйелдердің үлесіне тиейін деп тұр. Бұдан шығатын тұжырым: «Nur Otan» партиясының парламенттегі жаңаруы 70 пайызға дейін баруы ықтимал.

       Ал қалған екі партия – «Бірлік» пен ЖСДП-ның мәжілістен мандат ала қоюы екіталай. «Бірлік»  саяси додаға бел шеше кіріскенімен, олардың белсенділігі тым төмен. АЛ ЖСДП әлі күнге дейін парламенттік сайлау туралы нақты ашып айтқан жоқ. Соған қарағанда бір кезде Жармахан Тұяқбай атын шығарып, атағын дүркіреткен саяси ұйым сансырап, бұқараны соңына ерте алмайтынын ұғып отырған болар. Мүмкін, билікпен астыртын келісім жүріп жатқан шығар. Егер бұл келісім сәтті жүзеге асса, бірден-бір оппозициялық партия ретінде оларға парламенттен бірді-екілі орын бұйыруы ықтимал.

     Қазірден белгілі бола бастағаны, бұл жолғы сайлау билік сценарийімен жүзеге асады. Сондықтан аламан додада атқа мінген алты партияның атшабарлары жұртшылыққа қандай жағымды хабар жеткізеді, оны уақыт көрсетеді. Бірақ «барымен базар» деп өз көңілімізді жұбатсақ та, бұқара сайлауға толық және белсенді қатысуы тиіс. Билік сайлау заңдылығын бұрмаласын немесе бұрмаламасын, мәселе мынада: біздің таңдау құқығымызды ешкім пайдаланбауы тиіс. Әсіресе билік. Қазір «Сайлауға емес, алаңға!» деп бойкот жариялағысы келіп жатқандар баршылық. Бұл – үлкен саяси қателік. Тіркелген жаңа партия жоқ, алты партиямен ғана, яғни  барымызбен ғана сайлауға баратын болып отырмыз. Басқалай таңдау да жоқ.

Тегтер: Без Тега
Батыр Жасұлан
Батыр Жасұлан Батыр Жасұлан

Оқыңыз