Саясат

Әміржан ҚОСАН: «Бір қадам алға, жарты қадам артқа»

Президент Тоқаевтың екінші жолдауына баға бермес бұрын, біз екі нәрсені ұғып алуымыз керек.

Әміржан ҚОСАН: «Бір қадам алға, жарты қадам артқа»

Біріншіден, бұл – жыл сайын жолданатын нақты, тактикалық сипаты бар құжат. Сондықтан одан қоғам мен мемлекет өмірінің барлық саласын қамтып, бар сұраққа жауап беруді күту қиындау болар. Ғұмыры он екі айлық құжаттан асқан философия мен лирика іздеу де ыңғайсыз. Екіншіден, тұңғыш президент биліктен де-факто кетпеген соң, екінші президенттің толыққанды дербес саясат жүргізуін талап ету де әбестік. Меніңше, жолдаудағы көп нәрсе не Тоқаевтың импровизациясы, не елбасымен екеуара компромистің нәтижесі.

Билікке қанша сыншыл көзқараста болсақ та, бір нәрсені мойындауымыз керек: өкімет ел ішінде талқыланып жүрген біраз өзекті мәселені ашық айтып отыр. Көптеген бастамалар мен ұсыныстар елдің көңілінен шығып жатқанын да жасыра алмаймыз. Оларды тізбелемей-ақ қояйын, барша мемлекеттік БАҚ рахаттанып, күні-түні түсіндіріп һәм насихаттап жатыр ғой.

Менің айтпағым – бұдан басқа үш жайт қана. Біріншіден, билікке келгеніне бір жарым жыл болып қалған Тоқаев жеме-жемге келгенде елдегі жағдай үшін тарихи жауапкершілік басқаға емес, нақ өзіне жүктелетінін сезе бастағандай. Иә, қазір ол елбасы тағайындаған үкімет пен парламентке, билік партиясына тікелей ықпал ете алмайды. Оған кедергі – «Кітапхана». Сол себепті ол осы жолы негізгі стратегиялық жоспарлау мен бақылау тетіктерін өз қолына шоғырландыру процесін қолға алған секілді.

Әрине, о баста Тоқаев Назарбаев негізін қалаған «нұрлы жолдан» ауытқымайтынын мәлімдеген. Ол сөзді мен екі тұлғаның өзара келісімшартының көрінісі деп бағалаймын. Бірақ өзі айтып отырған реформаларды бастау үшін сол жолдың кемшін тұстарын атап не оларды жоққа шығарып, жою не басқаша өзгеріске ұшырату керек. Бұл, өзі, біздің жағдайда екінші президенттің саяси болашағы үшін өте қиын әрі қауіпті шаруа. Тоқаев сол істі бастаған секілді.

Кезінде тұңғыш президент қалыптастырған министрліктердегі жауапты хатшы институтын қысқарту, өзі айтқан «жеке монополиялар» мен латифундистерге қарсы соғыс жариялауы (олардың артында Назарбаев кезеңінің олигархтары тұрғаны бесенеден белгілі) – мұның бәрі толыққанды реформа болмаса да, соның бастамасы деуге келетін сияқты. Әйтеуір, Авгийдің атқорасын тазалау басталған сыңайлы. Бірақ қораның тазаланбағанына 30 жылдай болды, оның жағымсыз иісі биліктің тұла бойына сіңіп кетті. Одан арылу оңай емес.

Не болса да президент бақылаушы функцияларды өз құзырына алып жатыр. Мұның өзін оң процесс деп санаймын. Әйтпесе бүгінде заң шығарушы мен атқарушы билік тармақтарына «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ.

Президент жанынан «Реформалар жөніндегі жоғары кеңес құрылады» деген сөздің де астары терең.

Екінші мәселе – президент қолға алғалы отырған бастамаларды жүзеге асыратын кадрларға қатысты. Ол туралы президент ашық айтып отырған жоқ. Бірақ қазіргі шенділер армиясы мен квазимемлекеттік секторға көңілі толмайтыны сезіліп-ақ тұр. Шынымен де елді осындай мүшкіл жағдайға жеткізген ескі кадрлар бізді болашақта пұшпаққа шығарады деп сену қиын. Оның үстіне «қарға қарғаның көзін шұқымайды». Бір-бірімен тамыр-таныстық, туыстық, трайбалистік қарым-қатынаспен тонның ішкі бауындай араласып кеткен кадрлар жүйесіне осы реформаны орындау түгіл, қабылдауының өзі қиын болар. Содан ішкі аппараттық, бюрократиялық тежеу, бойкот деген қитұрқылар пайда болады. Біздегі қос билік жағдайында оған да таңғалуға болмайды.

Ең бастысы – кадр саясатындағы ел аузында жүрген, биліктің санасы мен тәжірибесіне әбден сіңіп кеткен кемшіліктерді Тоқаев қайталамаса екен деп ойлайсың.

Үшінші мәселе – билік жиі айта бергісі келмейтін тақырыпқа байланысты. Оның аты – саяси реформа. Елдің де президенттен күтері – сол. Рас, президент өз сөзінде: «Мемлекет басшысы ретінде мен көппартиялықты қолдап, дамытуға міндеттімін», – деп айтты. Бірақ оның алдында «Нұр Отанды» бір мақтап қойды.

Ол қандай көппартиялық болады? Бұрынғыдай, негізінде билік партиясы мен оның саяси сателиттері бар «бір жарым партиялық» жартыкеш, мүгедек жүйе бола ма? Әлде шынымен де өз ойын ашық айтып, «Нұр Отанға» мықты балама бола алатындай, ұлт пен мемлекет мүддесін жоғары қоятын шыншыл патриоттардың басын қосқан партияларға жол ашыла ма?

Жарты жылдан кейін кезекті парламент сайлауы өтуі тиіс. Өкінішке қарай, президент сол парламентке қатысты өз ойын ашып айтпады.

Шынын айтсақ, алдағы сайлау президент үшін де мықты сынақ болайын деп отыр. Өткен президент сайлауынан кейін қоғамның сайлауға, оның өту барысына қояр талабы мың есе артқан.

Өзін «реформатормын» деп атап жүрген президент саяси реформада нақты қадамдар жасай ала ма? Қоғамдық-саяси салада осыншама жыл бойына қордаланып, өз шешімін таба алмай келе жатқан проблемалар не болмақ? Мәселен, гуманитарлық қадам ретінде президент талай жыл қапаста отырған саяси тұтқындарды, атап айтқанда Арон Атабекті, Макс Боқаевты өз шешімімен босатса, бұл қоғам тарапынан зор қолдау табатын ізгілік акциясы болар еді.

Ең бастысы – кеше ғана 25 жылдығы аталып жатқан авторитаризмге, еркін ойлы азаматтар мен саяси оппозицияны қудалауға құқықтық негіз жасап берген Конституция өзгере ме? Жаңа, XXI ғасырдың өркениеттік, демократиялық талаптарына сай Конституция қабылдана ма?

Меніңше, қазіргі биліктің шынайы реформашылдығын дәлелдейтін немесе жоққа шығаратын лакмус қағазы дәл осы мәселе болмақ.

PS. Айтпақшы, жыл сайынғы жолдауға қатысты тағы да екі ұсыныс бар. Біріншіден, әр жолдау өткен жолғы жолдаудың орындалуы туралы есеппен ашылса. Әйтпесе жай сөз боп қалған қаншама жолдауды тыңдадық кезінде. Екіншіден, бүгінде қоғам сауатты, көкірегі ояу, көзі ашық. Сондықтан жұртшылық жолдауда айтылған жайттардың мән-мағынасын, ненің не екенін өзі-ақ түсінеді. Сол себепті оны насихаттаймыз деп, алашапқын болудың, іссапарлар мен іс-шараларға қыруар қаржы жұмсаудың еш қажеті жоқ. Әйтпесе біздің идеологтар мен насихатшылар «артық қыламын деп, тыртық қылуы» әбден мүмкін. Сол түкке тұрмайтын науқаншылдықтан үнемделген ақшаны күні-түні коронавируспен арпалысып жүрген дәрігерлерге берейік.

Тегтер: Без Тега
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз