Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:53, 07 Ақпан 2024

Әнипа Назарбаеваның белгісіз көмекшісі Ким Сергей кім?

Ким

Алматыдағы «Кенжехан» базарына қатысты дауды Jas Alash порталы бұған дейін де жазған.

Оқи отырыңыз: Әнипа қыздың әлегі

 Ашынған саудагерлер «Әнипа Назарбаева ақшамызды қайтарсын. Базарға Сергей Ким басшы болып келіп, қайтадан 5-7 млн теңгеден ақша жинай бастады. Сергей Кимнің өзі экс-президенттің қарындасының адамы. Сол арқылы Әнипа Назарбаева базарды тасадан басқарып отыр» деген еді. Кейіннен бұл дау туралы сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пікір білдіріп, «Кенжехан кімнің базары болса да бізге қызық емес» деді. Бұл дауда аты ең көп аталатын адам «некий» кәсіпкер – Сергей Ким. Біз оның кім екенін, қандай бизнестерге қатысы барын анықтап көрдік.

Сергей Ким
Фото: Jas Alash коллажы

«Кенжехан» базарының негізін Әнипа Назарбаева қалаған. 2015 жылы әр саудагерден орын үшін 12 мың доллардан алған. Ал қазір базар ресми түрде Әнипа Назарбаеваға тиесілі емес. 2022 жылы «Кенжехан» ЖШС кәсіпорнын «Митра» ЖШС сатып алған. Компания 2023 жылы 20 қыркүйекте қайта тіркеуден өткен. Бұған дейін иесі әрі директоры Елена Розенберг еді. Ал кейіннен оның басшысы Сергей Ким болған. Ал 2023 жылы 21 қыркүйектен бастап жаңа қожайын – Манушина Татьяна Алексеевна. Манушина Татьянаға қатысты мәлімет жоқ. Бірақ «Кенжехан» ісі бойынша белсенді, Сергей Киммен соттасып жүрген Елена Сәдуақасованың айтуынша, Манушина Татьяна Сергейдің екінші әйелі. Ол 2000 жылдары Кимнің казиносында жұмыс істеген. «Қазір базар бәрібір Кимнің қолында. Тасадан басқарады. Олардың артында Әнипа Назарбаева тұр. Бұл мәліметтерді мен Киммен екі жыл күрес кезінде анықтадым», – дейді Елена.

митра
Фото: Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

Қысқаша айтқанда, Әнипа Назарбаеваның да, Елена Розенбергтің де, Сергей Кимнің де құжат бойынша бұл кәсіпорынға қатысы жоқ. Компания директоры Ахметов Жасұлан Ерланұлы. Құрылтайшысы – Манушина Александра Викторовна. Ал Манушина Александра Викторовна деген қазіргі базар басшысы Манушина Татьянаның шешесі деген мәлімет бар. Тегіне қарасаңыз, бұл мәліметтің тегін емесін байқайсыз.

Жалпы, Сергей Кимнің басы дауға қалып тұрғаны бір бұл жағдай емес. Бұған дейін оның «АлбаСтройДор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты жанжалы БАҚ беттерінде жазылған. «АлбаСтройДор» құрылтайшысы Денис Лисицын мен Plutos Group құрылтайшысы Виталий Шаров Сергей Кимнен жапа шегіп жүргенін айтып, президент Тоқаевқа үндеу жолдаған. Бұл үндеудің көшірмесі біздің қолымызға да тиді. Ішіндегі мәліметтерді оқып отырып құрылтайшыларға оның қаншалықты рас екенін білу мақсатында хабарластық. Жолдаған сұрақтарымызға Виталий Шаров қысқаша былай жауап берді.

– Виталий мырза, сіздер Ким Сергейді сотқа бердіңіздер, себебі неде, содан нәтиже болды ма?

– Біз Сергей Кимді емес, оның еншілес компаниясын сотқа бердік.

– Plutos Group туралы айтып өтсеңіз, немен айналысады? Оған Кимнің қандай қатысы бар?

– Біздің компания GSW Kazakhstan ЖШС-ның инвесторы, құрылтайшысы еді. GSW Kazakhstan «Арселор Митталдың» қалдығын қайта өңдеумен айналысты.

– Тоқаевқа үндеуде Ким Сергейге Әнипа Назарбаева, оның қызы Эльмира Жылқыбаева мен күйеу баласы, экс-прокурор Азамат Жылқыбаев, Самат Әбіш көмектесті дейсіздер. Сол туралы кеңірек айтып өтсеңіз?

– Азамат Жылқыбаев пен Эльмира Жылқыбаева Кимнің отбасылық достары. Сондықтан олармен кейбір салтанатты шараларда кездесетін едік. Дәл сондай шараларда Әнипа Назарбаевамен де кездесіп жүрдік. Ал Эльмира Жылқыбаева бір кездері Plutos Group компаниясының құрылтайшысы болған.

– Үндеуде сіздер белгілі шенеунік Нұрлан Нығматулиннің інісі Ерлан Нығматулинге Ким Сергей шойын сатып, жалған операциялар арқылы қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырды дейсіздер?

– Ким Сергей өзінің еншілес компаниялары арқылы басқа атаумен шойын сатқан...

Сергей Ким шойын сатудан жыл сайын 2 млн доллар пайда көрген

Әлденеден сақтанды ма екен, Шаров мырзаның бізбен сөйлесуге аса құлқы болмады. Сондықтан президентке жолданған үндеуге қайта үңілдік. Үндеуде Ким Сергейдің көлеңкелі бизнесін Қарағандыда жүргізу үшін, миллиардтаған қаржыны оффшорлық шот арқылы қолма-қол ақшаға айналдыру үшін Әнипа Назарбаева, Самат Әбіш, Азамат Жылқыбаев, Ерлан Нығматулиндер қалай көмектескені, Сергей Кимге қылмыстық іс қозғалса Әнипа Назарбаева Қарағанды прокуратурасына қысым көрсетіп, істі жауып тастап отырғаны туралы егжей-тегжей жазылған. Сергей Ким 2015-2018 жылдары «АлбаСтройДор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 4 млрд теңгелік мүлкін талан-таражға салған. Ал шойын сатудан жыл сайын 2 млн доллар пайда көрген. Жалпы үндеудегі деректер туралы Виталий Шаровтан сұрағанымызда «ол жердегі мәліметтер нақты емес» деп қысқа қайырды. Оны нақтылау мақсатында «АлбаСтройДор» қаржылық операцияларын тексеріп көрдік. Аталған компанияның жылдық ақша айналымы 2016-2019 жылдары аралығында жыл сайын 6-9 млрд теңге аралығында болған. 2019 жылы Сергей Ким кәсіпорынға басшы болып келген. 2020 жылы жылдық ақша айналым 12 186 46 526 теңгеге артқан. Құрылтайшымен өткен арадағы жанжалдан кейін компания табысы күрт құлаған. Мысалы, 2021 жылы – 2 828 934 526 теңге, 2022 жылы – 2 229 150 434, 2023 жылы – 1 419 499 130 теңге. Ондағы қызметкерлер саны да қысқарған. 2018 жылдары компанияда 200-250 қызметкер болса, 2023 жылы оның саны 15-ке, 2024 жылы 10-ға дейін азайған.

Сергей Ким қазір де аталған компанияның жетекшісі. Сонымен қатар 2020 жылдан бастап Алматыдағы «Кенжехан» базарына басшылық еткен. Міне, осы уақыттан бастап базардағы саудагерлерден 5-7 млн теңгеден ақша жинау басталған. Бұған наразы болған саудагерлер көбейіп кеткесін базар басшысы ауысқан.

Сонымен, Сергей Ким деген кім, оның қандай ресми бизнестері бар?

«АлбаСтройДор»
Фото: Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

«АлбаСтройДор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық реестрінің мәліметтеріне сәйкес: «АлбаСтройДор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қарағанды қаласының тіркеу және жер кадастры бөлімінен 2010 жылы 22 қыркүйекте тіркелген. 2023 жылы 27 сәуірде қайта тіркеуден өткен. Бірінші басшысы Ким Сергей Георгиевич. Құрылтайшылары: Габриэль Валерия Валерьевна, Лисицын Денис Сергеевич, Мәсімов Мырзахан Қасымұлы. Жолдар мен автомагистральдар құрылысымен айналысады. Орналасқан жері ретінде Қарағанды қаласы, Бұқар Жырау, 41/1 үй көрсетілген. Statsnet қызметінің мәліметінше, 2023 жылғы ақша айналымы – 1 419 499 130 теңге. Төлеген салығы – 28 969 313 теңге. Алайда бұл компанияның аз салық төлеген жылы. Мысалы, 2018 жылы 184 646 990 теңге, 2019 жылы 158 071 698 теңге, 2020 жылы 231 544 884 теңге қазынаға қаржы құйған. Мемлекеттен бар-жоғы 4 келісімшарт алып орындаған, оның барлығын қосқанда сомасы 3 млн-ға да жетпейді.

11
Фото:Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

Ал мемлекеттік кірістер қызметі аталған компанияның төлеген салығын біз жазған саннан анағұрлым аз етіп көрсеткен. Мысалы, 2020 жылы – 143 582 250, 2021 жылы – 43 480 285, 2022 жылы – 21 044 622, 2023 жылы – 4 121 164 теңге салық төлепті. 

Жібек жолы
Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

ЖІБЕК ЖОЛЫ» өндірістік кооперативі

«ЖІБЕК ЖОЛЫ» өндірістік кооперативі Қарағанды қаласының тіркеу және жер кадастры бөлімінен 1997 жылы 31 наурызда тіркеуден өткен. Бірінші басшы Пак Александр Валерьевич. Құрылтайшылары: Ким Сергей Георгиевич, Пак Александр Валерьевич. Тауарларды көтерме саудада сатумен айналысады. Мекенжайы: Қарағанды қаласы, Камали Дүйсембеков, 1А. Мемлекеттік кірістер комитетінен бұл компанияға қатысты мәлімет таба алмадық. Ал Statsnet қызметінің мәліметі бойынша 2018 жылы кооперативтің ақша айналымы 126 638 421 теңге, төлеген салығы 2 406 130 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары туралы мәлімет жоқ.

отан
Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

«Жаңғырған Отан» дара кәсіпкерлердің республикалық қоғамдық бірлестігі

«Жаңғырған Отан» дара кәсіпкерлердің республикалық қоғамдық бірлестігі Әділет министрлігінен 2023 жылы 19 қыркүйекте тіркеуден өткен. Бірінші басшы Ким Сергей Георгиевич. Құрылтайшылар: Степанова Оксана Викторовна, Садеева Оксана Николаевна, Шарипова Карина Руслановна, Соседова Алёна Олеговна, Цай Даниил Альбертович, Нурмуханбет Биназир Дәуренқызы, Жолдыбай Табыс Мұратбекұлы, Нурмолда Аршын Ерланұлы, Шалкимбеков Еламан Қанатұлы, Жеңіс Асыл Ерікұлы, Ким Сергей Георгиевич. Қызмет түрі – қоғамдық ұйымдардың қызметі. Орналасқан жері – Қарағанды қаласы, Бұқар жырау, 41/1. Қоғамдық бірлестік жаңадан ашылғаннан соң оның қаржылық айналымы туралы мәлімет кездестіре алмадық. Тек мемлекеттік кірістер комитеті бірлестіктің 2023 жылы төлеген салығы 5 176 теңге деп көрсетіпті. «Ким Сергей» жеке кәсіпкерлігі«Ким Сергей» жеке кәсіпкерлігі 2016 жылы 19 наурызда тіркелген. Басшысы Ким Сергей Георгиевич. Мекенжайы Қарағанды қаласы, Бұқар жырау көшесі. Базар және дүкендерге жерді жалға беру қызмет түрімен айналысады. 2022 жылғы мәлімет бойынша жеке кәсіпкерліктің ақша айналымы 9 млн-ға жуық болған. Сол жылы 166 525 теңге салық төлеген. Мемлекеттен алған келісімшарттары туралы мәлімет жоқ. 

Елена Сәдуақасова
Фото:Жас Алаш. Аслан Қажиев

Елена Сәдуақасова: «Сергей Ким алаяқ, қатыгез тонаушы»

Сонымен, «Кенжехан» базарына, Әнипа Назарбаеваның рейдерлік ісіне қатысты бірнеше адамға хабарласқан едік, шиырланған жолдың барлығы Ким Сергейге бастап апарды. Киммен соттасып жүрген адамның бірі – Елена Сәдуақасова. Ол – «Кенжехандағы» белсенділігі үшін базардан қуылған саудагер. Елена Сәдуақасова хабарласқанымызда ол Кимді ашық түрде «алаяқ» деді.

«Әнипа Назарбаеваның адамдары Қаңтар оқиғасына дейін халықты аямай тонады. Ким Сергей алаяқ. Оны ашық түрде айта беремін. Кимнен жәбір көрген адамдар өте көп. Онымен күресіп келе жатқан адал саудагерлер бар. Бірақ Ким сытылып кете береді. Себебі оның артында Әнипа Назарбаева, оның қызы Эльмираның күйеуі экс-прокурор Азамат Жылқыбаев тұр. Назарбаеваның үстінен рейдерлік бойынша қылмыстық іс қозғалғаннан кейін ол күйеу баласымен ақылдасып «базар жоқ болса, қылмыстық іс те жоқ» деп базарды сатуға шешім қабылдайды. Азамат Жылқыбаев экс-президенттің қарындасына өзінің досы, тәжірибелі алаяқ Кимді ұсынады. Осылайша, Ким базар директоры болып шыға келеді. Ким деген ешкім емес. Оны қорғап тұрған «авторитет фамилия» – Назарбаевтар әулеті», – дейді Елена Сәдуақасова.

@jasalash.kz #кенжехан #алматы #барахолка #анипаназарбаева #назарбаев ♬ оригинальный звук - Jasalash.kz

Осы мақаланы жазу барысында Сергей Кимнен жапа шеккен бірнеше адаммен хабарластық. Олар бізге Сергей Ким салықтан жалтару, заңсыз қаржының жолдарын шебер меңгеріп алғандығын айтты. Енді қолда бар мәліметтерді пайдалана отырып Сергей Кимнің кім екенін таратып жазып көрейік. Қолды болған 4 млрд теңге Сергей Ким «АлбаСтройДорға» басшы боп келгесін жұмбақ түрде ақша жымқырыла бастапты. Құрылтайшылар 4 млрд теңге қолды болғанын білген. Одан бөлек Сергей Ким құрылтайшыларға айтпай «АлбаСтройДор» қалдықтарды өңдегенде қалатын шойынды «АрселорМиталлТеміртауға» өткізудің орнына жалған компаниялар арқылы ПОЛЗ «Казақмыс» басшысы, кейіннен «Qazcarbon» директоры болған Ерлан Нығматулинге сатқан.

Таблица

Сөйтіп, ай сайын 69 млн 280 мың теңге пайда көрген. Жалпы осындай жолмен жылына 830 млн 880 мың теңге ақша жымқырған (суретте). 

Суретте солдан оңға қарай Ерік Рахметов, Сергей Ким, Азамат Жылқыбаев, Эьмира Жылқыбаева
Фото: Ішкі істер министрлігі департаментінің подполковнигі Ерік Рахметов, Ким Сергей, экс-прокурор Азамат Жылқыбаев және оның әйелі, Әнипа Назарбаеваның қызы Эльмира Жылқыбаева

Бұл ойын жүзеге асыру үшін Әнипа Назарбаеваның қызы Эльмира Жылқыбаеваға айына 50 мың доллар берген. «АлбаСтройДор» құрылтайшылары мұны кейіннен біліп, жанжал шыққан. Дау арты сотқа ұласқан кезде Сергей Ким Әнипа Назарбаевадан көмек сұраған. Журналистер жалдап, Қарағанды прокуратурасына қысым көрсеткен. Ким шойын ұрлауды тек «АлбаСтройДор» арқылы ғана емес, басқа компаниялармен де жүзеге асырған.

1

Мысалы, Аsde Тrade ЖШС арқылы жылына 594 млн 720 мың теңгеге,

2

«ГлобалСпецТорг» ЖШС арқылы жылына 424 166 400 теңгеге шойын сатқан.

Біз «АлбаСтройДор» құрылтайшыларына хабарласқанымызда қашқақтап, ештеңе айта алмады. Бірақ айтқан мәліметтерімізді жоққа да шығармады. Олар 2020 жылдары бәрін ашық айтып, сұхбат та беріп жүрген. Неге аузын буған өгіздей боп қалды десек, мәселенің ұшығы арыда жатыр екен. «Жас Алаштың» жеке дереккөзі «АлбаСтройДор» құрылтайшыларына Сергей Ким компания дауынан кейін киллер жалдағанын айтты.

«Сергей Ким алаяқ қана емес, қатыгез тонаушы. Ол қылмысының ізін жасыра алатын шебер маман. Сіз оның қаржылық операцияларын тексеріп ештеңе таба алмайсыз. Бәрінің ізін жасырып отырады. Жалған компаниялары көп» дейді ол.

Сергей Кимнің жалған компаниялары

Сергей Ким жалған компаниялар арқылы қаржыны заңдастыруы мүмкін деген де мәліметтер бар. Мысалы, бізге келіп түскен мәліметтер ішінде мына компаниялардың аты аталады:

1. Grand Smithy Works Kazakhstan (гранд смифи воркс казахстан) жауапкершілігі шектеулі серіктестігі;

2. Company XXI Century;

3. «ШахтСтройСнаб»;

4. «РусорМеталл»;

5. «ГлобалСпецТорг»;

6. «ОптСпецСбыт»;

7. «Тенгри 2050»;

8. АлбаСтройДор»;

9. Backup Service Resorts

10. «Митра Консалтинг»;

11. «ЦентРоптСнаб».

P.S. Сергей Кимнің кім екендігі, оның қандай бизнестерге қатысы бары бір мақалаға сыймайды. Сондықтан осы жерден тоқтауды жөн көрдік. Әйтпесе, Әнипа Назарбаеваның «Сұлтан Қорған» ЖШС компаниясын қалай тартып алғаны, оған Сергей Кимнің қатысы туралы ақпараттың өзі бір мақалаға жүк болатын дүние. Әрине, Сергей Ким бұл мәліметтердің барлығын жоққа шығарып отырған. Артында ірі фамилиялар мен ықпалды адамдар тұрғасын бірнеше рет істі болса да, сотталмаған. Есесіне, журналистер арқылы өзін сүттен ақ, судан таза етіп көрсеткен. 2020 жылы «Хабар 24» арнасына берген сұхбатында әріптестерінен қысым көріп жатқанын айтып, жоғарғы заң органдарынан араша сұраған. «Время» газетіне өзін ақтайтын көлдей-көлдей мақалалар жаздырған және жаздырып келеді. Айтпақшы, 2018-2019 жылдары Қарағанды ​​облысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті 300-ге жуық жалған компанияларды анықтаған. Бұл компаниялар 330 млрд теңгеден астам заңсыз қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырған. Осы компаниялар арасында Сергей Кимнің салықтан жалтару үшін құрған жалған компаниялары болған деген мәлімет бар. 

Тұрсынбек Башар