Антология – Қаскеңнің еңбегі
1965 жылы Қазақ Мемлекеттік университетін бітіріп, өзімнің туған ауданымдағы Үшарал деген ауылға барып мүғалім болдым.
Сол жерде жүргенімде, газеттерді көп қараймын ғой, сонда бір-екі шумақ әлең оқыдым. Темір жолдың Алакөл жағын басып өтетіні жайында өлең жазыпты. Сонда: «Ескі дүниенің бәрін екі сызып тастапты», - дейді. Екі рельс қой, соны суреттеуі маған ұнады. «Кім екен» деп қарасам, авторы Қастек Баянбаев екен. Менің жадым жас кезімде мықты болған болуы керек, осы күнге дейін өлеңнің атын ұмытып қалып отырғанмен, мәні сол күйінде есімде қалды. Ел жақта біраз қызмет істедім де Алматыға келдім.
Биліктегі жұмысымнан кетіп «Жалын» альманағына бардым, ол кезде «Жазушы» баспасының құрамынан шығатын бір бөлімі еді. Сол жерге келсем Қаскең баспаның қызметкері боп істеп жүр екен, жай былай амандасып таныстық. Олар дәліздің бір жағында, біз екінші жағындамыз. Аса шүйіркелесе қойғамыз жоқ, өйткені Қаскеңнің мінезі ауыр, тұйық, кім болса сонымен ашылып сөйлесе бермейді, солай болатұгын. Енді адамның өз мінезі ғой. «Жалын» баспасынан менің екінші кітабым шығатын болды, аты – «Күтумен кешкен ғұмыр» еді. Бөлімдегілер түгел бұған қарсы болды, «кешкен» деген қалай ол? Мен айтам «кешкен» деген жәй өте шыққан өмір емес, оның қиыншылығы бар – кешу. Ақыры олар мені тыңдамады да «Күтумен өткен ғұмыр» дегізді, сонымен кетті. Кітабым шыққан соң Қаскең екеуіміз таныстық, бір жақтан, бір Талдықорған облысынан екенбіз, сырластық. 1975 жылы «Жалын» баспасы құрылды. Ол кезде бұның бәріне Мәскеу рұқсат береді. Рұқсат берді, адамдарды жинап жатты. Мен ол кезде «Жұлдыз» жұрналында бөлім меңгерушісімін, бастығымыз Шерхан Мұртаза, орынбасары Ғафу Қайырбеков ағамыз. Бұрын мен істеп кеткен «Жалын» альманағының бастығы Тұманбай Молдағалиев болатын. Сөйтіп «Жалын» баспасының бас редакторы болып Тұманбай ағамыз бекіді, Қабдікәрім Ыдырысов – директоры. Содан Тұмағаң: «Сен бізге кел, менің оранбасарым бол». Қабдікәрім де ақын, мен де ақынмын, сен прозашысың ғой, бізге бір салмақты проза оқитын адам керек боп тұр» деді. Жарайды, Шерхан көкем жібермей қойды. «Қалай, мұның қызметі жаман емес, осы әдебиеттің ортасында жүр» деді. Сонымен екеуі келіспей, ақыры Тұмағаң жеңді де, мені алып кетті. Мен барғанда Қаскең поэзия бөлімінің бастығы, мен Қаскеңнің үстіне бастық боп бардым ғой, бас редактордың орынбасарымын. Сол жерде екеуіміз жете таныстық. Бұл кісі өзінің жұмысына өте тиянақты болатын. Әрбір шығарманың әрібіне дейін, буынына дейін қадағалап отырады. Қаскең баспаға ұсынған кітаптардан қәте, бірдеңе шығу, не көркемдік, не саяси жағынан қате жіберу деген болмайды, әбден шыңдап әкелетұғын. Ол кезде баспаның қызметкерлерінің бәрі қолжазбаларды қолына қаламын ұстап отырып оқиды. Ұнамаған жерін түзетеді, не сұрақ қояды, сондай-сондай.
Біз ол кезде Гоголь көшесінде едік, мына Абай мен Гагариннің қиылысында Госкомиздат жеке үй салды. Біз соған көштік, ең үстіңгі бесінші қабатта болдық. Жүз қырық адам істейтін «Жалын» баспасы осы қабатты алып жатты. Бас редактордың орынбасары көбейетін болды. Балалар әдебиеті жөніндегі орынбасар штаты берілді. Баспамыздың директоры Қалдарбек Найманбаев деген ағамыз еді. Қалекең шақырды мені: «Бексұлтан, ойланшы, штатқа саған бір орынбасар сұрап алдым Орталық Комитеттен» деді. Жалақысы жақсы еді, қазір есімде жоқ. Жалақы жөнінен ең күшті баспа біздікі болды, бұны арнайы баспа деп атайды, маманданған баспа дейді, жастар мен балаларға ғана кітап шығарамыз. Содан кейін «жарайды, Қалеке, ойланайын» дедім, ойландым да іле-шала тез қайтадан кірдім, «бұған Қаскеңнен артық адам болмайды» дедім. Өйткені ол кісі балалар әдебиетін жақсы біледі, өзі балаларға жазып отырған адам және беделі жақсы, қызметке тиянақты, ұқыпты» дедім. Сөйтіп келістік. Бір жарты сағат өткен соң, «Қалекең шақырып жатыр деген соң» бәріміз бардық. Мен әлі Қаскеңмен қызмет жайында сөйлесіп үлгермеп едім. Барып едік, Қалекең айтты: «Осындай бізге жаңа штат берді. Бексұлтанмен ақылдастық, балалар әдебиеті жөнінен бас редактордың орынбасары Қастек Баянбаев ағамыз болсын дедік» деп. Сөйтіп бәрін дұрыс деп қарап ек, Қаскең «мен болмаймын» деді. Жүрегім су ете қалды. Мен Қалекеңді көндіріп қойған адаммын, бетіне қараймын. Қалекең сасып қалды, «онда жарайды, тағы да ақылдасармыз» деді. Бәріміз тарап кеттік. Шынын айтқанда, Қаскеңе ашуландым енді. Себебі екеуімізді былай, жерлесін тартып отыр дей ме деп, мен кішкене сөйтіп, тартыншақтап отырмын ғой. Одан кейін телефонды алдым да Қаскеңе ренжідім «Қаске, сіздің кандидатураңызды ұсынып, өткізіп қойсам, мұныңыз не қылығыңыз. Ертең әдебиетті өзіңіздей мықты білмейтін, не шала білетін адамды үстіңізден бастық қып қояды. Сонда күнде өліп отырасыз ғой, мұнаусы дұрыс емес деп ұрсып отырасыз ғой, қызықсыз ғой. Сізден артық кім біледі бұны. Қазір Қалекеңе барыңыз да айтыңыз». Кәдімгідей інілігімді жасырып ренжіңкіреп айттым. «Сонда немене, сіздің орныңызға басқа біреуді бір жақтан алып кеп қоюымыз керек пе. Сізден артық кім бар бұған» дедім. Содан барды, өзі тілді ала қоймайтын кісі ғой, бірақ тілімді алды. Барып еді Қалекең күліп: «Қаске, бұл жұмысты сізден артық білетін ешкім жоқ қой енді. Біз де сасып қалып едік, болды» депті. Сөйтіп бекіді.
Ал енді бұл қызметті өте жақсы атқарды деп айта аламын. Бұл кісінің ұсынысымен «Қазақ балалар әдебиетінің кітапханасы» деген сериямен 25 томдық кітап шығатын болды. Серия жасақталды, мұның өзі бір ғасырдың жүгі ғой. «Бексұлтан, осылай, балалар әдебиетіне жазатын жазушылар бар, бірақ бәрі шашылып жатыр, соның бәрін бір жерге жинасақ, өзінің баласын қазақша тәрбиелейтін мұғалімдерге де жақсы, балабақшаға да жақсы, жинақтаймыз балалар әдебиетін. Бір томға екі балалар әдебиетінің өкілінен үзінді-үзінді қып жинақтасақ, бұл өте жақсы» деген ұсыныс айтты Қаскең. Мен қуана келістім, Қалекең де қолдады. Бірақ осыны енді үш-төрт жыл бойы партияның Орталық Комитетіне өткізе алмадым. Барлық жерден өтеді, сол жерге барғанда сызып тастайды. Мұнау көп екен, олай екен, былай екен, дейді. Әйтеуір төртінші жылы өтті. Онда өткенмен, біз бұны бір жылда шығармаймыз, әр жылда екіден, үштен шығарып отыратын болдық. Бұл Қастек ағамыздың өте үлкен қызметінің жемісі деп ойлаймын мен. Қазақ балалар поэзиясының, прозасының антологиялары Қаскеңнің жетекшілік етуімен бірнен соң бірі жарық көріп жатты. Антологиялар әлем халықтары тілдеріне аударылып, көптеген елдер жеткіншектерінің қолына тиді. Осы кең ауқымды істі де өзі ұсынып, өзі реттеді. Антологияға енетін ақын-жазушылардың бәрін өзі біледі, бәрін жинақтап, халықтың ауыз әдебиетінен бастады. Бұл кәдімгідей үлкен беделді, осы уақытқа дейін біздің балаларды тәрбиелеуге қызмет етіп келе жатқан антология болды. Міне Қаскеңнің бірге істегенде орасан мол күш-жігер жұмсаған ең үлкен қызметі осы еді. Содан кейін тағы бір «Қазақтың салт-дәстүр антологиясы» деген атпен кітап шығарғымыз келді, бұл шықпай қалды. Кеңес өкметі құлады, баспалардың бәріне қаражат жетіспейтін болды. Мысалы, антологияда қазақтың «батыр» деген кім, қазақ кімдерді батыр дейді, би, көсем деген кімдер, әдебиет деген не, өнер, ән – осылардың бәрінің толық мағынасын беріп, бір шығарайық, дедік. Күйеу деген, қалыңдық деген, құда, жекжат деген кімдер – осылардың бәрін жинақтап, бөліп-бөліп алдық, осыны жазамыз дедік, бірақ өкінішке қарай, жүзеге аспады. Қаржы жоқ, қағаз жоқ. Мемлекет әлгі антологияның өзін сызып тастап отырған, сөйтіп ол да нарық қыспағына шыдас бермей, жоспарланған мөлшерде шықпай қалды.
Қастек ағамыз баспаға үлкен ілтипатпен қарады, бұл - тарихи нәрсе - халықтың болашағына, балаларын тәрбиелеуге зор мәні бар деп. Ол кезде балалар әдебиеті жақсы қолға алынған еді. Мысалы, бізде «Балапан» арнасы бар ғой, бүлдіршіндер бір бес минут мультфильм көреді, оның аяқ жағынан орта жастағы балаларға ма, жоғары сыныптағыларға ма лайық бірдеңелерге ауысып кетеді де, кішкентайлар орнынан тұрып кетіп қалады. Қазір оларға зорлап «Балапанды» тыңдата алмайсың. Ол кезде біздің әдебиетте шығаратын, сол Қаскең басқарып отырды ғой, мектеп жасына дейінгі балаларға арналған әдебиет, бастауыш мектептің балаларына арналған әдебиет, орталау жастағы, 7-8 сыныпқа дейін бір бөлек, жоғары сынып оқушыларына арналған әдебиет деп бөлінетін. Сөйтіп балалардың жасына қарай бөліп шығаратынбыз. Осының бәрін Қастек ағамыз өте ыждағаттылықпен қарап отырды және басқарып отырды. Әдебиетке істеген және әдебиет арқылы өзінің халқына, мемлекетіне істеген Қаскеңнің қызметі ерекше айтарлықтай. Кейін мен хандарды, билерді, алашордашыларды мадақтаған кітап жазғаным үшін жазықты болып жұмыстан кетіп қалдым. Содан кейін балалар әдебиеті біздің «Жалын» баспасынан бөлінді. Бөлінді дағы «Балауса» деген балалардың жеке баспасы ашылды. Қаскең сол жаққа кетті. Мен 1992 жылы баспаға қайтып келдім. Ол кезде Қаскең сол «Балауса» баспасында екен. Қаскеңді мерей тойларында, өзіміздің бұрыңғы ардагер ағамыз деп құттықтап жүрдім. Сыйласып өттік қысқасы. Үй ішімізбен сыйластық. Күлшатты да жақсы білемін, Күлшат мына облыстық «Жетісу» газетінде істеді. Үй ішімізбен бір-бірімізді сыйлап тұрамыз.
Қаскең әдебиет алдында, өзінің қазақ халқы алдында, мемлекет алдында үлкен бір қызметтерді атқарды және абройлы атқарды. Қаскең осындай адам еді, қысқаша айтқанда.
Мен Қастек Баянбайдың 85 жылдық мерей тойына әзірлік басталған кезде, былтырғы жылдың көктемінде, Алматы облыстық телерадио журналистерінің сұрағына былай деп жауып берген едім: «Қабырлағы қаламгердің орны – қазақ балалар әдебиетінің ең шоқы биігінде. Нанбасаңдар барлық кітабын оқыңдар» деп. Шындық осы.
Бексұлтан НҰРЖЕКЕЕВ
жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік
сыйлығының иегері