Аптап ыстықтан республикалық маңызы бар жолдар бүліне бастады
Жоспарлы тексерулер кезінде Жамбыл, Павлодар және Түркістан облыстарында цементбетон жабынының температура әсерінен деформацияланған алты учаскесі анықталды.
Әрбір нысанға жол бригадалары мен арнайы техника жедел жіберіліп, қалпына келтіру жұмыстары ұйымдастырылды.
Жөндеу жұмыстарына 51 жол маманы мен арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде анықталған барлық ақаулар қысқа мерзімде жойылып, көлік қозғалысының қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілді.
Мамандардың айтуынша, аптап ыстық кезінде цементбетон жолдарының беткі температурасы +60...+70°C-қа, кейбір учаскелерде одан да жоғары деңгейге дейін қызуы мүмкін. Мұндай жағдайда бетон плиталарында ішкі кернеу пайда болып, жергілікті деформациялар байқалады. Бұл – әлемнің көптеген елдерінде ыстық кезеңде кездесетін табиғи құбылыс.
Қазіргі уақытта жол қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Мамандар тәулік бойы мониторинг жүргізіп, температуралық деформация қаупі бар учаскелерді дер кезінде анықтау және жөндеу жұмыстарын жалғастыруда.