Әлеумет

Ақмола облысында заңсыз карьер анықталып, екі экскаватор мен жүк көлігі тәркіленді

Ақмола облысында заңсыз карьер анықталып, екі экскаватор мен жүк көлігі тәркіленді

Алтын барлау

Ақмола облысында құрылыс тасын заңсыз өндіру дерегі анықталып, екі экскаватор мен HOWO жүк көлігі алынды.

Заңсыз карьер Зеренді ауданына қарасты Гранитный кентінің маңынан табылған. Оны облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, полиция және Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірлесіп жүргізген тексеру барысында анықтаған.

Қазір заңсыз өндірілген құрылыс тасының көлемі мен мемлекетке келтірілген шығын мөлшері есептеліп жатыр.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың тапсырмасымен өңірде заңсыз карьерлерді анықтайтын арнайы жұмыс тобы құрылған.

Мәліметке сәйкес, мұндай карьерлер әсіресе Астанаға жақын аудандарда көп кездеседі. Бұл аумақтардан елордадағы құрылыс нысандарына қиыршық тас пен құм жеткізіледі.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысында да жер қойнауын заңсыз пайдалану деректері анықталған болатын. Облыс әкімдігінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде 266 заңсыз жер қойнауын пайдалану дерегі тіркелген. Тексеру барысында 242 жүк көлігі мен 24 арнайы техника айыптұраққа қойылған.

Сондай-ақ 210 дерек бойынша мемлекетке келтірілген шығын 16,5 млн теңгеге бағаланған. Жалпы сомасы 8,1 млн теңге айыппұл салынып, оның 4,1 млн теңгеге жуығы өндірілген. Төрт дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Тегтер: алтын дауы
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз