АҚШ Ирактан әскерін шығаруды аяқтады
АҚШ Ирактағы әскери миссиясын аяқтап, елде қалған әскерлері мен техникасын шығарды.
Бұл туралы 30 қыркүйекте АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) хабарлады.
Қолбасшылық мәліметінше, америкалық бөлімшелер мен техниканың Эрбиль әуе базасынан шығарылуымен Ирактағы "Мызғымас табандылық" (Inherent Resolve) операциясы аяқталған. Әскерді әкету Вашингтон мен Бағдадтың екіжақты қорғаныс ынтымақтастығына көшу жоспары аясында жүзеге асырылды.
Ирактың солтүстігіндегі Эрбиль базасы операцияның негізгі орталығы болған. Онда "Ислам мемлекеті" террористік ұйымына қарсы іс-қимылға қатысқан АҚШ пен коалицияның шамамен 1500 әскери қызметшісінің басым бөлігі орналасқан еді.
CENTCOM басшысы адмирал Брэд Купердің айтуынша, Ирактың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі жауапкершілік енді ел үкіметі мен жергілікті күштерге жүктеледі. Ал өңірдегі америкалық және коалиция күштері террористік қауіпке жауап беруге дайын болады.
Ирактағы миссия аяқталғанымен, операцияның біріккен жедел тобы жұмысын жалғастырады. Оның штабы Иорданияға көшірілген. АҚШ күштері серіктестерімен бірге Сириядағы "Ислам мемлекетіне" қарсы іс-қимылды жалғастырмақ.
Айта кетейік, АҚШ пен Ирак әскерді кезең-кезеңімен шығару жөнінде 2024 жылы келіскен. Америкалық әскерлер Ирактан 2011 жылы да шығарылған, алайда 2014 жылы "Ислам мемлекетіне" қарсы күресу үшін қайта оралған еді.