Саясат

АҚШ-ты ренжітпей, Ресейді ашуландырмай...

Бұл олардың соры ма, бағы ма, білмедік, әйтеуір соңғы кезде Орталық Азия мемлекеттерін алпауыт елдер өздеріне шақырып, әртүрлі деңгейде алқалы жиындар өткізуді көбейткен.

АҚШ-ты ренжітпей, Ресейді ашуландырмай...

Бір қарағанда мұның бәрі саяси-экономикалық интеграцияның аясында өтіп жатқан қалыпты басқосулар секілді көрінеді. Дегенмен оның өзегіне үңілсек, өзге бір дүние жатқанын аңғаруға болатындай.

«Орталық Азия – Жапония», «ОА – Еуродақ», ОА – Ресей», «ОА – Араб елдері», «ОА – Үндістан», «ОА – Қытай», «ОА – АҚШ» форум, саммиттердің жиілеуі нені білдіреді? Бәлкім, Орталық Азиядағы жүз миллионға тақап қалған адам ресурсы ма, әлде осы аймақта отыз триллионға тарта мелдектеп жатқан қазба байлық па? Мүмкін бұл өңірдің шығыстан батысқа, терістіктен түстікке дәліз боларлық географиясы ма? Қысқасы, алпауыт елдерді Орталық Азия несімен арбауда? Биылдың өзінде ОА басшылары Путиннің шақырумен Мәскеуге барды. Араға көп уақыт салмай, ОА мемлекет басшылары аждаһа еліне барып, Си Цзиньпиннің алдында қаздай тізіліп отырды. Бұл аздай, шілдеде Сауд Арабияның Жидда шаһарында Шығанақта жатқан Араб елдерімен саммит өткізді. Енді ОА басшыларын АҚШ президенті Байден шақырып отыр.

19-20 қыркүйекте ОА-ның тізгінін ұстап отырғандар Байден шалдың алдынан табылары белгілі. Бұған дейін тек сыртқы істе министрлігінің деңгейінде өтіп келген «5+1» диалогы енді саммитке ұласып, АҚШ президенті бетпе-бет отырып, өзі өткізбекші. Байден Орталық Азия басшыларын неге жинап отыр? Қандай келелі мәселе жөнінде әңгімелеспек? Әзірге бұл жағы бізге жұмбақ. Бірақ топшылауға болатын сияқты. Өйткені әлемдегі бүгінгі геосаясаттың тегершегі қай бағытқа дөңгеленгенін бағамдап отырған жұрт, Байден әңгімесінің «біссімілләсін» неден бастарын да білетіндей.

«Байден Путин мен Си Цзиньпин секілді 5+1 басқосу форматын мемлекет басшылары деңгейінде өтетін саммитке айналдырғысы келіп отыр. Өйткені СІМ деңгейіндегі әңгіме бір бөлек те, президенттер деңгейіндегі кездесу бір бөлек. Бұл жолы Байден Орталық Азия президенттерімен көзбе-көз отырып, ойындағысын айтып, олардың уәдесін алғысы келген секілді. Саммитте негізгі айтылатын бір ғана мәселе бар. Ол – Украинаға басқыншылық соғысын жасап отырған Ресейді қалайда оқшаулау. Әскери қуатын әлсірету, экономикасын күйзеліске түсіру, Кремльдің саяси амбициясын орнына қою. Ол үшін әлем елдері осы бағытқа жұмылу керек. Оның ішінде Ресеймен бұрыннан ым-жымы бір, әрі КСРО-дан бірге келе жатқан тағдырлас Орталық Азия республикалары да Батыспен ымыраға келе отырып, Мәскеуге қарсы жұмыс істеуі тиіс. Яғни Батыстың санкциясын қолдап, ОА арқылы өтіп жатқан тауарлар легіне тосқауыл қою. Байден осы мәселені ОА басшыларынан қатаң түрде талап етпекші. Саммиттің көрігін қыздаратын негізгі әңгіме – осы. Өйткені АҚШ ОА елдерінің көмірсутегі отынына тәуелді емес. Вашингтонның аймақтағы елдермен сауда айналымы 10 млрд доллардан аспайды. Ақ үйге маңыздысы – саммиттің саяси мәні», – дейді саясаттанушы Ерасыл Ислам.

Саясаттанушының айтуынша, АҚШ дипломатиясының негізгі мақсаты қалайда ОА-дағы Ресейдің ықпалын әлсірету. Әсіресе Украинадағы соғысқа малтығып жатқан Ресей қазіргі күні бұрынғы өз дәрегейіндегі ОА мемлекеттеріне көңіл аударуды азайтқан. Демек, осы сәтті пайдалана отырып, АҚШ Ресейді өңірден тықсырып шығарып, өз ықпалын нығайтуды қолға алуға кірісті деуге болады. Ақ үйдің бұл талабына ОА мемлекеттері қалай қарайды?

«Рас, Ресей соғыс пен санкцияның әсерінен әлсіреді. Бірақ ол елдің саяси амбициясы әлі жоғары. Кесірткелік қауқары бар. Уысынан ешкімді оңайлықпен шығара қоймасы хақ. ОА елдері саяси жағынан да, экономикалық жағынан да Ресейге тәуелді. Өйткені ОА республикалары кемеліне келген мемлекеттердің қатарына жатпайды. Бар-жоғы өзгелер үшін шикізат отаны. Бұдан тыс, Ресеймен ат құйрығын кесісу, басқа-басқа, Қазақстан үшін үлкен қатер. Мәскеу орыс халқының құқын қорғау деген желеумен Қазақстанға да әскери интервенция жасауға мүмкіндігі жетеді. Сондықтан ОА басшылары Ақ үй қожайынымен кездескенде, әрине, бас шұлғып, түрлі уәде беруі мүмкін. Бірақ Ресейден алыстап кетеді деп айта алмаймын. Өйткені Ресей әскери қуатымен де, саяси ықпалымен де, экономикалық әлеуетімен де ОА елдерін байлап-матап тастаған. Оны пытырлатып үзу үшін ОА елдеріне уақыт керек. Қытай басшысы Си Цзиньпин Қазақстанның тұтастығына, қауіпсіздігіне кепіл береміз деп талай айтты. Бірақ сондай әңгімені Украинаға да айтқан. Бірақ орнындады ма? Жоқ. Сол секілді Ресей тұтқиылдан Қазақстанға тап берсе, Қытай әскерін кіргізіп, кесе көлденең тұрады деп айта алмаймын», – дейді саясаттанушы Әзімбай Ғали.

Иә, Ақорда Ресей мен Қытайдың қырына ілігіп қалмай және АҚШ пен Батыстың оң қабағына ие болу үшін баяғы Абылай ханның заманынан айтылып келе жатқан жан-жақтылық саясатын жүргізуге мәжбүр. Сондықтан қай тараптың да айтқанына бірден құлап түсе алмайды. Көршілес өзге елдердің де тағдыры осыған ұқсас. Мәселенің тағы бір қыры, Ресей мен ОА елдерінің арасындағы сауда айналымы өткен жылы 42 млрд долларға жеткен. Биыл ол тағы да бірнеше пайызға өсуі мүмкін. Ал ондай нарықтан ОА елдері айырылғысы келмейтіні анық. Одан тыс ОА республикалары Ресей мен Шанхай Ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ және Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы аясында да әріптес. Бұл ұйымдардан бас тарту аймақтағы елдердің саяси-экономикалық қауіпсіздігіне жарқыншақ түсірумен бірдей. Сол секілді ОА елдері Қытайдан да бас тарта алмасы хақ. Қытаймен арадағы сауда айналымы қазір 70 млрд доллардың үстіне шықты. Алдағы уақытта өңірдегі жұрт оны 100 млрд долларға жеткізсек деп талпынып жатыр. Бір ғана Қазақстанның  бұл елмен тауар айналымы – 31 млрд доллардың көлемінде. Әрі көрші әрі экономикалық әлеуеті өте зор елмен қарым-қатынасты тоқтату мүмкін бе? Жоқ.

Демек, АҚШ президенті Байден ОА елдерінің басшыларын Ресей мен Қытайға қарсы айдап сала қоймайды. Олай болса, Орталық Азия елдері бір жақты емес, ешкімнің көңілін жықпайтын, өздеріне өте тиімді көпвекторлы саясатын алдағы уақытта да жүргізе берері хақ. Дегенмен ОА елдерінің АҚШ-пен байланысының жаңа бір деңгейге көтерілуі, қалай десеңіз де, бір жылымықтан хабар беретіндей...

Тегтер: Без Тега
Күлтегін Бек
Күлтегін Бек Күлтегін Бек

Оқыңыз