Арыс әкімінің ұлы қатысқан жол апатынан кейін 20 жастағы студент екі аяғынан айырылды
Арыс қаласының әкімі Қайсар Манқараев ұлының қатысуымен болған жол-көлік оқиғасына қатысты пікір білдірді.
Апат 29 мамыр күні кешке Астана – Павлодар тас жолында болған.
Tengrinews.kz мәліметінше, 22 жастағы такси жүргізушісі басқарған Hyundai Tucson автокөлігі жол қоршауына соғылған.
Соққы салдарынан қоршаудың темір арқалығы көліктің ішіне кіріп, алдыңғы жолаушы отырған орындықты тесіп өткен.
Жол апатынан үш адам зардап шекті.
Ең ауыр жарақатты 20 жастағы студент Талғат Емел алған. Ол сол күні Астанадан Павлодардағы ата-анасына бара жатқан.
Туыстарының айтуынша, апат кезінде студенттің бір аяғы жұлынып кетіп, екінші аяғы қатты жаншылған.
Кейін ауруханада дәрігерлер оның екі аяғын да ампутациялауға мәжбүр болған.
Жәбірленушінің әпкесі Гүлсім Абайлдинованың айтуынша, Талғат клиникалық өлімді бастан кешіріп, көп қан жоғалтқан. Ол бір айға жуық жансақтау бөлімінде жатып, бірнеше күрделі отадан өткен және қазір де өмірі үшін күресіп жатыр.
Көлік жүргізушісі ұсталған.
Павлодар облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, жол-көлік оқиғасына байланысты Қылмыстық кодекстің 345-бабының 2-бөлігі («Адам денсаулығына абайсызда ауыр зиян келтіруге әкеп соққан жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Сот санкциясымен күдікті үйқамаққа алынған.
Жәбірленушінің туыстары күдіктінің әкесі Арыс қаласының әкімі болғандықтан, тергеу объективті өтпеуі мүмкін деп алаңдайды.
Сонымен бірге олар әкімнің қызметтік жағдайы іс барысына нақты ықпал етіп жатыр деп мәлімдемейтіндерін, бірақ мұндай істер қоғамның ерекше бақылауында болуы тиіс екенін атап өтті.
Сондай-ақ студенттің әпкесі жүргізуші бұған дейін жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айтты.
Туыстарының сөзінше, екі отбасының кездесуі өткенімен, келтірілген шығынды толық өтеу мәселесі әлі талқыланбаған.
Арыс қаласының әкімі Қайсар Манқараев көлік тізгінінде өзінің ұлы болғанын растады.
«Ол – кәмелетке толған азамат және өз әрекеті үшін заң алдында өзі жауап береді. Бұл жағдай менің отбасым үшін де ауыр сынақ болды», – деді әкім.
Ол сондай-ақ зардап шеккен студент пен оның жақындарына көңіл айтты.
Манқараев қызметтік өкілеттігін пайдаланып, тергеуге ықпал етуі мүмкін деген пікірлерді жоққа шығарды.
«Тергеудің барысына немесе іс бойынша қабылданатын процессуалдық шешімдерге ықпал етуге ешқандай әрекет жасамадым және жасамаймын. Тергеу уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан заң талаптарына сәйкес жүргізілуі тиіс және солай жүргізіледі. Заң бәріне бірдей. Бұл қағида менің отбасы мүшелеріме де бірдей қолданылады», – деді ол.
Талғат Емелдің туыстары Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінен бұл істің тергелуін жеке бақылауға алуды сұрады.