Армения ҰҚШҰ-дағы дауыс беру құқығынан айырылды
Армения ҰҚШҰ-дағы дауыс беру құқығынан айырылды
Армения Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымындағы (ҰҚШҰ) дауыс беру құқығынан айырылды. Бұған елдің ұйымға мүшелік жарнасын төлемеуі себеп болған.
Арменияның ҰҚШҰ аясындағы құқықтарына шектеу қойылғанымен, ел ұйымның ресми мүшесі болып қала береді.
Ереван 2024 жылдан бері ҰҚШҰ қызметіне қатысуын тоқтатқан. Армения билігі бұл шешімін ұйымның ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерін орындамағанымен түсіндірген.
11 қарашада Мәскеуде өткен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысында Арменияның дауыс беру және ұйымдағы жауапты қызметтерге өз өкілдерін ұсыну құқығын тоқтату туралы шешім қабылданды. Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді.
Песковтың айтуынша, Армения бірнеше жылдан бері ұйым алдындағы міндеттемелерін орындамаған. Сондықтан шешім ҰҚШҰ Жарғысының 25-бабына сәйкес қабылданған.
Аталған бап бойынша ұйым бюджетіне екі жыл бойы мүшелік жарна төлемеген мемлекет дауыс беру және басшылық қызметтерге өкіл ұсыну құқығынан айырылуы мүмкін.
ҰҚШҰ бас хатшысы Таалатбек Масадыков Арменияның соңғы үш жылда мүшелік жарна төлемегенін және ұйымның хатшылығы мен Біріккен штабына қызметкерлерін жібермегенін айтты. Оның сөзінше, Арменияны ұйымнан шығару мәселесі қаралмаған. Қарыз толық өтелген жағдайда шектелген құқықтар қалпына келтіріледі.
Еске салайық, 2024 жылғы ақпанда Армения премьер-министрі Никол Пашинян елінің ҰҚШҰ-ға қатысуын тоқтататынын жариялаған. Ол мұндай шешімге ұйымның 2021-2022 жылдары Армения мен Әзербайжан шекарасындағы қақтығыстарға тиісті деңгейде әрекет етпеуі себеп болғанын мәлімдеген.
5 қарашада Пашинян Арменияның ҰҚШҰ-ға қатысты мүддесі сарқылғанын және елдің ұйым қызметіне қайта қатысуға қызығушылығы жоқ екенін айтты.
Қазіргі уақытта Армения ҰҚШҰ мүшесі болып қала береді. Ұйым құрамына Ресей, Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстан да кіреді.