Әлеумет

Арменияда сайлау дауыстары қайта саналды

Арменияның Орталық сайлау комиссиясы парламент сайлауында дауыс берілген учаскелердің шамамен үштен біріндегі нәтижелерді қайта санады. Қайта есептеу барысында кейбір партиялар мен блоктардың көрсеткіштері өзгергенімен, жалпы саяси ахуалға айтарлықтай әсер етпеген.

Армения

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, ел бойынша жұмыс істеген 2005 сайлау учаскесінің 637-сінде дауыстар қайта саналған. Бұл барлық учаскелердің шамамен үштен біріне тең.

Қайта санау нәтижесінде Ресейге жақын деп бағаланатын "Күшті Армения" оппозициялық блогы 508 қосымша дауыс алып, жалпы көрсеткішін 340 088 дауысқа жеткізді. Бұл саяси күшті армян текті ресейлік миллиардер Самвел Карапетян басқарады.

Сондай-ақ кәсіпкер Гагик Царукян жетекшілік ететін "Гүлденген Армения" партиясының нәтижесіне 147 дауыс қосылып, жалпы саны 58 378 дауысқа жетті.

Премьер-министр Никол Пашинян басқаратын билеуші "Азаматтық келісім" партиясы да қайта есептеуден кейін 1148 қосымша дауыс алып, жалпы нәтижесін 727 820 дауысқа жеткізді.

Ал бұрынғы президент Роберт Кочарян жетекшілік ететін "Армения блогы" 217 қосымша дауыс жинап, жалпы саны 145 113 дауысқа жетті.

Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, қайта санау барысында анықталған сәйкессіздіктер саны 1279-дан 1509-ға дейін өскен. Дегенмен жарамсыз деп танылған бюллетеньдер саны 17 097-ден 16 238-ге дейін азайған.

Сонымен қатар 12 маусым күні комиссия үш сайлау учаскесіндегі дауыс беру нәтижелерін жарамсыз деп таныды. Сайлаудың түпкілікті қорытындысы 14 маусымда ресми түрде бекітіледі деп күтілуде.

Қайта санау оппозицияның талабымен жүргізілді

Дауыстарды қайта санауды сайлауда екінші орын алған "Күшті Армения" блогы талап еткен.

Партия өкілі Арам Вардеваян ықтимал заң бұзушылықтар туралы ақпараттарға байланысты Орталық сайлау комиссиясы қайта есептеу жүргізуге міндетті болғанын айтты.

Блок жетекшісі Самвел Карапетян сайлауды «масқара» деп атап, дауыс беру барысында көптеген заң бұзушылықтарға жол берілгенін мәлімдеген.

Айта кетейік, Карапетян өткен жылдан бері мемлекеттік төңкеріс жасауға дайындалды деген айыппен үйқамақта отыр. Ол бұл айыптауларды саяси қысым деп бағалайды.

Пашинян партиясы жеңіске жетті

Орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметі бойынша, парламент сайлауында Никол Пашинян басқаратын батысшыл "Азаматтық келісім" партиясы 49,81 пайыз дауыс жинап, сенімді жеңіске жеткен.

"Күшті Армения" блогы 23,29 пайыз дауыспен екінші орынға ие болды.

Роберт Кочарян жетекшілік ететін "Армения" блогы 9,94 пайыз, ал "Гүлденген Армения" партиясы 4 пайыз дауыс алған.

Сайлауға қатысу деңгейі 58,97 пайызды құрап, бұл көрсеткіш 2018 және 2021 жылдардағы парламент сайлауларымен салыстырғанда жоғары болған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз