Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін жылдары. Залал мен зардап
Ұлт басына төнген зобалаң ашаршылық туралы, зұлмат жылдар қуғын-сүргін жөнінде біз көп айтқан сияқтымыз, көп зерттеген секілдіміз.
Алайда санамыздың арғы түпкірі әлі де бос. Оның себебіне үңілсек, зерттелмеген ақтаңдақтарымыз алдымыздан сауал болып жолығады. Тіпті осы ашаршылық пен қуғын-сүргіннің шын кесірін санамызбен терең түйсіне алмайтын сияқтымыз. Әсіресе мұның әлі көлеңкеміздей бізбен бірге жасасып, бізбен бірге өмір сүріп келе жатқан кейбір залалын аңғармайтын да секілдіміз. Біз бұл сауалдарды ҰҒА академигі Ханкелді Әбжанов, тарих ғылымының докторы Светлана Смағұлова, жазушы, тарих ғылымының кандидаты Бейбіт Қойшыбаевқа қойдық. Сұрақтарымыз мынадай.
1. Ашаршылық пен қуғын-сүргіннің тарихи зардабы қандай болды? Қазақта «Бір күн ашыққаннан қырық күн ақыл сұрама» деген сөз бар. Ал бір жыл аш болған халықтың жайы қалай болмақ? Демек, 1932-1933 жылдардағы ашаршылық қазақтың санасын 40 жылға шегерді деп білеміз. Қуғын-сүргін, ашаршылық құрбандары қазіргі тарихта қаншалықты зерттелді, ашылмай, айтылмай жатқан тұстары бар ма?
2. Біраз жыл бұрын бұл жабық тақырып болды. Ал бүгінде толық зерттелмей, ашылмай жатқанына не себеп?
3. Аштықтың салдарынан адамның ішкі дүниесі, кісілік салттары, бүкіл моральдық тұлғасы түбегейлі өзгерістерге ұшырайтынын қазір ғылым растады. Ғалымдардың айтуынша, ұзаққа созылған аштық адамның рухани келбетін аздырады. Біртұтас «мен» бір-біріне кереғар бірнеше «менге» ыдырайды. Сіздің ойыңызша, қазіргі кейбір адамдардың болмысынан көрінетін тойымсыздық, ашкөздік сынды келеңсіз мінездерімізге аштық пен қуғын-сүргіннің ықпалы болуы мүмкін бе? Яғни ашаршылық, қуғын-сүргіннің зардабын әлі тартып келе жатырмыз ба?
Ханкелді Әбжанов: Ашаршылық пен қуғын-сүргінге саяси баға берілуі тиіс
1. Қарынның ашуы мен ашаршылықтың арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Қарны ашқан адам ұрысқақ болатынын халқымыз баяғыдан білген. Ал ашаршылық – ұлттың болашағына төнген қатер. Қазақтар осы қатерді өз бастарынан толық өткерді. Нәтижесінде, біз санадан бұрын санымыздан айырылдық. Кезінде өзбектер бізден 3-4 есе аз еді, бүгінде 3 есе олар көп. Бұл 1931-1933 жылдарғы ашаршылықтың салдары. Демек, сол бір гуманитарлық апат қазақтың өсуін 40 жылға емес, одан әлдеқайда ұзақ мерзімге шегеріп тастады. Болашақта сандық айырмашылығымызды жою ғасырларға созылуы бек мүмкін.
Ашаршылық тарихын тереңінен зерттеу тәуелсіздік тұсында ғана мүмкін болды. 80-жылдардың аяғына қарай тарихнамалық іргетасын академик М.Қозыбаев, профессор Ж.Әбілхожин, демограф М.Тәтімов қаласа, қазір ашаршылық тақырыбын зерттеп жүргендер 100-ге жетіп жығылады. Мұның сыртында құжаттар жинағының өзі 10 том көлемінде жарық көргенін айта аламыз. Бірақ мәселе түпкілікті шешілген жоқ. 1919, 1921 жылдары, 1946 жылы Қазақстанда орын алған ашаршылық әлі кешенді зерттеле қойған жоқ. Қазақ даласындағы ашаршылықтар тарихына саяси баға берілмей жатыр.
Себеп біреу – қазақстандық билік ашаршылық тақырыбын кемел зерттеуге мүдделік танытпай отыр. Біздің билік қуғын-сүргіннің, ашаршылықтың әкелген қасіреттері үшін халықтан кешірім сұрау керек. Өйткені сол апаттың шығуына кезінде кеңестік билік себепкер болды ғой. Бүгінгі билік те моральдық жауапкершілігін түсінетін уақыт келді. Тәуелсіз елде табиғаты, мақсат-міндеті мүлде өзгеше билік орнағанын осылай ғана дәлелдей аламыз.
3. Өте дұрыс айтасыз. 1928 жылғы кәмпескеден, одан кейінгі ұжымдастырудан кейін Қазақстанда ғана емес, бүкіл кеңестер елінде азық-түлік мәселесі шешілмеген күйде қала берді. Ол кеңестер одағы ыдырағанша жалғасты. Жаңағы өзіңіз айтқан кеселдер кедейшіліктен, жоқшылықтан, ашқұрсақтықтан өмір-салтымызға, менталитетімізге дендеп енді. Ауру батпандап енеді, мысқалдап шығады. Дерттен арылуымызға біраз уақыт керек-ау. Экономикамыз көтерілмей, білімді, ғылымды, технологияны дамыған мемлекеттер деңгейіне жеткізбей, жігітке қой бақтырған кедейшілік пен жоқшылықтан арылмаймыз. Алаш көсемдері күн тәртібіне қойған «Оян, қазақ!» ұлттық идеясы өзектілігін жойған жоқ.
Светлана Смағұлова: Аштыққа ұшыраған балалардың санын анықтау аса маңызды
1. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін оның құрамында болған халықтар ащы нәубеттен көз ашпады десек те болады. Бұл – 1931-1933 жылдардағы ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін.
Өткен ғасырдың 20 жылдарынан бастау алған қуғын-сүргін 30-жылдары, одан кейінгі Ұлы Отан соғысы тұсында, Сталин қайтыс болған 50-жылға дейін жалғасын тауып, үкіметтің саясатын сынға алған немесе үкіметке жақпаған азаматтарды «халық жауы», «буржуазияшыл ұлтшыл», «қандыбалақ қарақшы», «жікшіл», «космополит» және тағы басқа айыптармен соттады, лагерьге жапты, ату жазасына кесті. Қуғын-сүргінді ұйымдастырушы НКВД, ГУГБ, ОГПУ сияқты құрылымдармен халық жауларын әшкерелеп, оларды ұрып-соғу, қинау, алдау сияқты түрлі тәсілдерді кеңінен қолдану арқылы сағын сындырып, көп жағдайда үш адамның қолымен шығарылған шешіммен үкім шығарылды. Қуғын-сүргінге ұлт интеллигенциясынан бастап, тыныш қана малын бағып жүрген қарапайым шаруа, діндар адамдар ілікті.
Ал 1931-1933 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық қазақ халқының есіне жазылмас жара салды. Осы жылдар аралығында ұлтына, түріне қарамай, қазақ жерін мекендеген қаншама адам аштық тырнағына ілігіп, ажал құшты, ауызға салар талғажау іздеп, жаяу-жалпы елді мекендерді кезді, өзге республикаларға, шет мемлекеттерге қарай босты. Ашаршылықтан елімізде адам шығыны да, мал шығыны да есепсіз болды. Қолындағы соңғы тұяғын сойып жеген шаруаның ертеңгі күні бұлыңғыр еді. Ертеңін ойлауға шамасы да жетпеді, жеткізбеді де. Қолда ұстаса, ұрыға алдырып, аңырап қалады, сойып жесе, алдағы өмірі не болады? Бəрі күңгірт, қараңғылық басқан, тұман болып, белгісіз өмір күйін кешті. Ауыл аштық тозағына тап болды. Дайындау науқандарының күштеп тартып алу кепіліне айналды, халықты жайылымнан азық іздеуге мəжбүр етті.
Біріншіден, ашаршылық қасіреті Қазақстанның демографиялық өсуіне үлкен зиянын тигізді. Аштықтан өлгендердің саны есепсіз болды. Осы күнге дейін аштықтан, жұқпалы аурулардан қырылғандардың санын нақтылай алмай отырмыз. Бұл мəселені зерттеген ғалымдардың еңбектерінде құрбан болғандардың саны әртүрлі көрсетіліп келеді. Зерттеушілер аштықтан өлгендердің санын 1 млн 750 мыңнан 2 млн 500 мың аралығы деп айтады. Сондықтан бұл мəселені жіті зерттеу аса маңызды.
Екіншіден, облыс халқының Батыс Сібірге, Батыс Қытайға, Қазақстанның басқа ішкі облыстарына қарай босуы халықтың санын кемітті. Өйткені аштық азабынан өзге елдерге кеткендердің басымы қайтып оралмай, сол барған жерлерінде тұрақтап қалды. Бұл мәселе де болашақта үлкен зерттеу нысанына айналуға тиіс.
Үшіншіден, республиканың халық шаруашылығының, соның ішінде мал шаруашылығының құлдырауына əкеліп соқты.
Екі нәубет те халықтың санасында ұзақ жылдар сақталып қалды. Үкіметтің қатаң бақылауына, қаһарына ілігіп қаламын-ау деп үрейленген, қорыққан куәгерлер жұмған аузын ашпады. Ұзақ жылдар бойы жабулы күйінде қалды.
Қуғын-сүргін де, ашаршылық мәселесі де қазіргі кезде жақсы қарастырылуда. Соңғы уақытта қуғын-сүргін мен аштық қасіретін қарастыру мемлекеттік деңгейде қолға алынып, нəтижесінде, бір кездерде қол жетпеген құжаттар іздестіріліп, екі нәубетті айғақтайтын көптомдық жинақтар жарық көрді. Бұл осы зұлматты зерттеушілерге көп мүмкіндік туғызып отыр.
Жалпы аштық мәселесін зерттеуде балалардың аштыққа ұшырауын, ұлт зиялыларының бұл нәубетті ауыздықтаудағы қызметін, аштық тұсындағы саяси қуғын-сүргінің өршуін, аштық құрбандарының санын анықтау аса маңызды.
2. Оныңыз рас. Зерттеушілерге аса қажетті архив құжаттары тәуелсіздігімізді алған жылдардың өзінде жарым-жартылай, толықтай қолжетімді бола қойған жоқ. Кейбір құжаттарды қарау үшін қауіпсіздік комитетінің арнайы рұқсатын алу қажет болды. Жоғарыда айтып өткенімдей, Мемлекеттік комиссия жұмысы іске кірісіп, олардың қолына тиген құжаттар көптомдық жинақ болып шығуы 20-30 жылдардағы саяси оқиғаларды, қуғындалып кеткен тарихи тұлғалардың өмір жолдарын, қызметін ашуға көп септігін тигізеді деп ойлаймын. Осы жинақтардың нәтижесінде алдағы уақытта аштық, қуғын-сүргінге қатысты монографиялық зерттеулер жазылары сөзсіз. Менің де жақын арада 1931-1933 жылдардағы аштыққа арналған «Зұлмат жылдар зардабы» атты монографиялық зерттеуім жарық көрді.
3. Қазақ халқы басынан нені өткізбеді. Адамның бойына үрей тудыратын жағдайлар, әрине, психикалық әсер етеді. Қорқу, үрку, жалтақтау, сенімсіздік сияқты жағымсыз әрекеттер бәрібір санада қалып қояды. Әсіресе қуғындалып кеткен азаматтардың балалары оның зардабын ұзақ жылдар тартып келді. Аштықта да солай. 30-жылғы аштықтан әзер дегенде аман қалған ата-анамның айтуынша, қорқыныштан кейінгі жылдардың өзінде азық-түлікті артығымен сақтап қоюды әдетке айналдырған екен. Бізге нанды қадірлеуді, бауырыңмен бөліп жеуді үйретті. Бұл нені білдіреді? Бұл – сақтану рефлексі.
Қазір заман өзгерді. Жылдар жылжыған сайын, көп нәрсе ұмыт болды. Аш қаламын деген ой жоқ. Дегенмен тегін нәрсені пайдакүнемдікпен «алып қалсам» деп талап жатқан жағдайды көзімізбен де көрдік. Бұл – ашкөздік, тойымсыздықтың белгісі. Жалпы осындай әрекеттерден құтылуда баланы балабақшадан бастап жақсы тәрбиелеу керек. Негізі тәлім-тәрбие алуда жапондықтардан үйренеріміз көп.
Бейбіт Қойшыбаев: Ашаршылыққа ұшырамағанда, санымыз 50-60 миллионға жетер еді
1. Совет Одағының құрамында болған қазақ халқы үш дүркін – Түркістан Республикасында өмір сүрген кезінде 1917-1919 жылдары, Қазақ Республикасы заманында 1921-1923 жылдары және Үлкен Қазақстан дәуірінде 1931-1933 жылдары – ашаршылыққа ұшырады. Осы аштық жылдары ұзын саны төрт миллионнан астам адамнан айырылды. Егер жоғалтқан ықтимал табиғи өсім мөлшерін есепке алсақ, халқымыздың шығыны он миллионнан асқан еді. Егер мұндай қасірет кезікпегенде, бүгіндері қазақ халқы қатты өсіп, саны кемі елу-алпыс миллиондық межеге жеткен, еліміздің шын мәніндегі қожайыны болып отырар еді. Әсіресе 30-жылдарғы алапат ашаршылық халықты қатты күйзелтті, нағыз ұлттық апатқа ұрындырды. Аштықтың сол заманда, келешекте экономикаға, мәдени құрылысқа, ғылымға, жалпы рухани дамуға өлшеусіз зор үлес қосуы мүмкін небір болашақ таланттар өмірін жалмағаны шүбәсіз ғой. Яғни сіздің «ашаршылық пен қуғын-сүргіннің тарихи зардабы» жайындағы сауалыңызды «ашаршылық қазақтың санасын 40 жылға шегерді деп білеміз» деген тұжырымыңызды осы келтірілген цифрлар мен айтылған ойлар растайды ғой деп ойлаймын. Ал қуғын-сүргіндер, сотсыз, тергеусіз репрессиялар бұрынғы патшалық империяның орнына совет өкіметі орнап, билікке большевиктер келгеннен басталған ғой. Біздің республикамызды да қуғын-сүргіндер қатты қансыратты. Тап күресі желеуімен жүргізілген репрессиялар өз алдына, бізде ұлт мүддесін ойлаған азаматтарды қуғындау да кең жолға қойылды. Қазақстан диктаторы Филипп Голощекиннің тұсында жасалған солақай реформаларға қарсылық танытқан қозғалыстар жазалаушы органдардың қарулы күшімен аяусыз басып-жаншылды, қатысқандар қатаң жазаланды. Екі мәрте ірі сот үдерісі өтті. (Оларды бүгіндері «Алаш ісі» деп атайды). Осылар «Отыз екінші жыл» деген қанды сандармен санаға жазылып қалған алапат аштыққа ұласты. Мұның бәрі әлгінде айтылған Голощекиннің ел басқарған кезінде орын алды. Ол Қазақстанды ұлтсыздандыру ісін кең көлемде жүргізген қандықол большевик-қайраткер боп шықты. Оның елді қасіретке ұшыратқан біздегі қызметі әлі күнге әділ талданып, тиісті бағасын алған жоқ. Тіпті аштық боп жатқанын орталыққа уақытында айтыпты деп, оны ақтағысы келетін пиғылдар да бүгіндері кей тарихи шығармаларда бой көрсетіп қалып жүр. Сол заманғы қайраткерлердің іс-әрекеттері әлі толық зерттеліп, сараланған жоқ. Ашаршылыққа кінәлі деп басшылықта болған жекелеген азаматтарды атаймыз. Онымыздың ақ-қарасын да дәл ажыратып, күні бүгінге дейін нақты бағасын берген жоқпыз. Бұларды ашаршылық құрбандары қазіргі тарихта қаншалықты зерттелді, ашылмай, айтылмай жатқан тұстары бар ма деген сұрақтар ауқымында қарастыруға әбден тұрады ғой деп ойлаймын.
2. Талай жыл дейміз-ау, бүкіл советтік дәуірде ашаршылық жабық тақырып есебінде ғана болды. Тек билеуші партия қайта құру саясатын жариялағаннан кейін ғана мұны шындап көтере бастадық. 1998 жылы ұйыса бастап, 1989 жылы шаңырақ көтерген Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы ғана оның шындығын ашуды өз бағдарламасына батыл жазып қойып, ғалымдардың алғашқы зерттеулерін жүргізуіне ұйытқы болды. 1991 жылы Қазақ Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы белгілі ғалымдардан арнайы комиссия құрып, 30-жылдарғы аштық қасіретінің себеп-салдарын, барлық сол кезгі құжаттар мен материалдарды мұқият зерттеді. Комиссия қорытындысы 1992 жылдың желтоқсанында республикалық басты және белді екі газетте жария болды. Комиссия қайғылы кезеңге қатысты жүргізген күллі сараптамаларын қазақ халқына қарсы геноцидтік саясат жүргізілген деп қорытты. Дегенмен сол маңызды қорытынды жалғасын таппады. Тіпті алғаш рет 1992 жылы ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленген 31 мамыр төрт-бес жыл бойы ресми аталмады. Тек саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп жарияланғаннан кейін ғана жер-жердегі билік назарына ілікті. Ашаршылық арнайы аталмай, сол күннің көлеңкесінде, ұзақ жылдар бойы жай ғана қосарланып айтылып жүрді. Кейінгі жылдары көзқарас дұрысталды. 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп атала бастады. Президент саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жайында арнайы шешім қабылдап, Мемлекеттік комиссия құрды. Ашаршылық мәселесіне парламент те жаңаша қарап, арнайы конференция өткізді, бұрын жабық боп келген құжаттарды жинап шығаруға мұрындық болды. Мемлекеттік комиссия қуғын-сүргінге ұшыраған үш жүз мыңнан астам адам тізімін анықтап, ақтау шараларына жол ашты. Ал осы уақытқа дейін не себептен толық зерттелмей, ашылмай келді деген сауалға жауап іздесек, оның бір себебі – мұнымызға арамыздағы көп орыс, көрші орыс мемлекеті қалай қарайды деген әсіре сақтықта жатқан-тын. Шынтуайтына келгенде, біз бүгінгі көршімізді демократиялық мемлекет есебінде көреміз емес пе? Өткендегі солақай саясатты бүгінгі таңда анық, ашық көзқараспен талдай алатын дәрежеге жеттік қой, өткенді бұрмалау қазіргі таңда жалғаспауға тиіс екені баршаға аян. Демек, қазақ қасіретінен бұрынғы метрополия да, солар бесінші колоннасы іспетті көретін біздегі үлкен диаспора да дұрыс қорытынды жасауы керек деп ойлаймын. Былтырғы жыл аяғында қорытындыланған Мемлекеттік комиссия жұмысы да осындай ойға жетелейді.
3. Бұл бір күрделі сұрақ екен, мұны ғылымның арнайы саласының мамандары түбегейлі зерттесе де артық етпес. Әйтсе де, осы күндері жиі кездесетін небір келеңсіз мінездерімізге аштық пен қуғын-сүргіннің әсері, бәлкім, болса болар, бірақ бәрін алыста қалған сонау қасіретті кезең салдарынан көре қою дұрыс бола қояр ма екен? Қазіргі саналы ұрпақ өткеннен сабақ ала білуге тиіс. Меніңше, орта мектеп, арнаулы орта, жоғары мектептер тәлімі ескінің зардаптарын толығымен ұмыттыруы керек. Кім-кім де өз-өзін еліміздің, халқымыздың бай да қаралы, қасіретті тауарихынан сабақ алуға дағдыландырғаны жөн. Өзін-өзі тарихпен, тарих арқылы тәрбиелеуді мұрат еткені дұрыс. Сонда қай-қайсымыз да бүгінге, болашағымызға қызмет ететін нағыз азаматтар қатарына қосыла аламыз.
Дайындаған: Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ