Live

Қазақстан Орталық Азияда жасанды интеллект қолдану бойынша көш бастады

Microsoft компаниясы жариялаған Global AI Diffusion Report есебіне сәйкес, Қазақстан генеративті жасанды интеллектті пайдалану деңгейі бойынша Орталық Азия елдерінің арасында бірінші орынға шықты.

Жасанды интеллект

Зерттеу мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстандағы еңбекке қабілетті халықтың 15,9 пайызы генеративті жасанды интеллект құралдарын пайдаланған. Бұл көрсеткіш өңірдегі басқа мемлекеттерден айтарлықтай жоғары.

Орталық Азия елдері арасында екінші орында Қырғызстан тұр. Онда жасанды интеллектті қолданушылар үлесі 9,5 пайызды құрайды. Ал Өзбекстанда бұл көрсеткіш 7,2 пайыз болған. Тәжікстан мен Түрікменстанда еңбекке қабілетті халықтың небәрі 6,1 пайызы ғана генеративті жасанды интеллектті қолданады.

Microsoft сарапшылары генеративті жасанды интеллект деп тек ақпаратты талдайтын немесе сұрыптайтын жүйелерді емес, мәтін, сурет, бейне немесе басқа да жаңа контент жасай алатын технологияларды атайды.

Әлемдік деңгейде алғанда, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында генеративті жасанды интеллект қолданушылардың үлесі 16,3 пайыздан 17,8 пайызға дейін өскен. Яғни Қазақстан әзірге әлемдік орташа көрсеткіштен сәл төмен болғанымен, өңірлік көшбасшы мәртебесін сақтап отыр.

Есеп авторларының мәліметінше, әлемдегі ең жоғары көрсеткіш Біріккен Араб Әмірліктері тұрғындарына тиесілі. Бұл елде еңбекке қабілетті халықтың 70,1 пайызы жасанды интеллектті тұрақты пайдаланады. Екінші орында 63,4 пайыз көрсеткішпен Сингапур орналасқан. Ал алғашқы бестікке сондай-ақ Норвегия, Ирландия және Франция кірген.

Microsoft есебінде жасанды интеллекттің әлем бойынша біркелкі таралмай отырғаны атап өтіледі. Дамыған мемлекеттерде халықтың 27,5 пайызы генеративті жасанды интеллектті қолданса, дамушы елдерде бұл көрсеткіш 15,4 пайыз деңгейінде қалып отыр.

Сарапшылар мұны интернетке қолжетімділік, электр энергиясының тұрақтылығы, цифрлық инфрақұрылымның сапасы және халықтың цифрлық сауаттылығы деңгейімен байланыстырады.

Сонымен қатар есепте Азия құрлығында жасанды интеллектті қолдану қарқыны ерекше өсіп жатқаны айтылған. Microsoft деректеріне сәйкес, 2025 жылдың маусымынан бері жасанды интеллектті енгізу қарқыны ең жоғары 15 экономиканың 12-сі Азияда орналасқан.

Олардың қатарында Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан да бар.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз