Әлеумет

Әскери қызметкердің өліміне гарнизон офицерлері жауап береді

Бас әскери прокуратура Өскемен гарнизонында әскери қызметкер Қ. Оспановтың қаза болуына қатысты қылмыстық істі аяқтады. Іс бойынша батальон мен взвод командирлері айыпталушы ретінде сотқа тартылды.

Сарбаз

Қайғылы оқиға биылғы 23 қаңтарда болған. Тергеу барысында офицерлердің жүйелі түрде жарғылық емес қарым-қатынастарға жол бергені және тек Оспановқа ғана емес, оның тағы алты қызметтесіне де психологиялық қысым көрсеткені анықталған.

Сонымен қатар взвод командиріне қару-жарақтың сақталуын бақылауда тиісті міндетін атқармағаны, яғни бақылаудан шет қалғаны да айып ретінде тағылып отыр.

«Билікті асыра пайдалану және қызметке салғырт қарау бойынша бірнеше эпизодтан тұратын қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды», – деп хабарлады Бас әскери прокуратура.

Кадрлық тазалау

Аталған оқиғаға байланысты бірқатар қатаң тәртіптік шаралар қабылданды:

– Әскери бөлім командирі және оның екі орынбасары қызметінен босатылды;
– Тағы тоғыз лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Прокуратура мәліметінше, мұндай істерді жедел тергеу үшін Сот сараптамалары орталығымен арнайы меморандум жасалған. Бұл дәлелдемелерді қысқа мерзімде жинап, қажетті сараптамаларды жүргізуге мүмкіндік берген.

Сондай-ақ ведомство әскердегі оқиға орындарын қарау әдістемесі жетілдірілгенін, бұл тергеудің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз