Әскери оқу орындарының үздік түлектеріне бірден «аға лейтенант» дәрежесі берілуі мүмкін
Бұл туралы президент мемлекеттік марапат және әскери шен тапсыру рәсімінде сөйлеген сөзінде мәлімдеді
Мемлекет басшысы күштік құрылымдарға жастарды тарту жұмыстары жанданғанын айтып, әскери оқу орындарының үздік түлектерін ынталандыру бойынша нақты тапсырмалар берілгенін жеткізді. Қазіргі таңда Парламентте оқуын үздік тәмамдаған түлектерге бірден «аға лейтенант» әскери атағын беру туралы түзетулер қаралуда.
– Қауіпсіздік мәселелері, еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту, қызметтердің беделін көтеру – негізгі мемлекеттік басымдықтар мен міндеттер. Соңғы жылдары әскери қызметшілерге, құқық қорғау және арнаулы органдар қызметкерлеріне кеңінен қолдау көрсетіліп келеді. Атап айтқанда, ипотекалық бағдарламалар іске қосылды, еңбекақы көлемі кезең-кезеңімен артып, әлеуметтік жеңілдіктер көбейді. Күштік құрылымдар сапына жастарды көптеп тартып, кадрлық әлеуетті нығайту ісіне көңіл бөлінуде. Мен әскери оқу орындарының үздік түлектерін ынталандыру жөнінде тапсырма бердім. Парламентте үздік білім алушыларға оқуды тәмамдаған кезде бірден «аға лейтенант» дәрежесін беруге қатысты тиісті түзетулер қарастырылып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзінше, биылғы және алдағы жылдар әскери білім беру сапасын арттыруға арналуы тиіс. Бұл қадамдар жалпы елдің қорғаныс жүйесін күшейтіп, кәсіби әрі білікті мамандар даярлауға жол ашады.