Саясат

Ассалаумағалейкүм, Тәуелсіздік!

Тәуелсіздік – таусылып бітпейтін тақырып. Тәуелсіздік – қырық қатпарлы тарихымыздың ең жарқын беттері, ғұмырымыздың ең сәулелі сәттері.

Ассалаумағалейкүм, Тәуелсіздік!

  Тәуелсіздік – жанамын дегенге от берген, шабамын дегенге ат берген асқар таудай әке сияқты.  Тәуелсіздік – ақ сүт беріп аялаған баласының белін буып,  қанат байлап ұшырған  ақ дидарлы ана сияқты.  Тәуелсіздік – Құдай сияқты жалғыз.  Көпқырлы құдірет.  Қай қырынан алып қарасаң да, адамзатқа ортақ алып Күн сияқты сәулесін шашып, нұрын төгіп тұрады.  «Құдай бар, әсіресе керек кезде» демекші, жанымыз қиналғанда тәубеге келіп, Құдайға жалбарынамыз. Ал жыл он екі айда бір келетін Тәуелсіздік күні мерекесі жақындағанда жапатармағай  жарысып, қызыл тілді безеп,  көсем сөзбен көмкеріп, ән-жырымызға арқау ете қоямыз.  Біртүрлі өзімізді-өзіміз алдап жүрген сияқтымыз. Қып-қызыл көзбояушылыққа ұқсайды. Былайша айтқанда, тәуелсіздік тілде бар да, ділде жоқ сияқты.

      Орда бұзар 30 жастағы  Тәуелсіздік рухы жүрегімізге ұялап,  қанымызда ойнап,  санамызды жаулап, бойымызды баурап, сүйегімізге сіңіп кете  қойған жоқ.  Тәуелсіздікті сүю аздық етеді, оны көздің жасын сүртіп тастап,  алтын әріптермен жазылған жүректегі жазулардай оқып,  рухани күшін түсіну керек.  Осы күнгі көп адамдар ауамен еркін, терең тыныстап жүргені, қазанынан тоқтықтың буы шығып жатқаны,  зәулім сарай салып, биік қорғандар тұрғызып, шетел асып «гөләйттап» жүргені, қымбат көлік тізгінін ұстағаны,  ішкені алдында, ішпегені артында екенін Тәуелсіздіктің шарапаты деп ойламайды.  Тәуелсіздік тұғырын берік етуге, тамырын тереңдетіп, бұтағын биіктетуге не үлес қостың демейді, қайта Тәуелсіздік маған не берді деп, қырсық-қыңыр әңгіме қозғауға құмар.  Мұндай рухани мүгедек  тоғышарлар Тәуелсіздіктің өгей ұлдары сияқты,  неге өкпелеп жүргенін өздері де білмейді. 

      КСРО деген алып империяны  ыдыратуға мұрындық болған Борис Ельциннің: «Тәуелсіздік алындар, қанша керек болса сонша алындар», –  деген сөзі  біздегі тәуелсіздіктің құнын құлдыратып,  аспаннан түскен майшелпек, айдалада жатқан батпан құйрықтай көрініп, керауыз тоғышарларға жал бітірді.  Әлі күнге осы ойдың  жетегінде жүргендер көп.  Ұлтымыздың тар жол, тайғақ кешіп,  азапты тағдырының төлеуі ретінде оқ атпай, қан төкпей, танкінің табанына таптатпай, ұлы уақыттың өзі уысымызға тәуелсіздікті салып беріп,  қолымызға ұстатқаны Құдайдың берген несібесі еді.  Ол тепкілесең де кетпейтін ырзық, бақ-дәулет емес,  қадіріне жетпесең қолдан сусып кетіп, құр алақан қаласың.

      Тәуелсіздік бізге бәрін берді.  Әсіресе тоғышарларға таптырмас табыс көзіне айналды. Ельциннен алған егемендік «бандиттің маскасын» киіп кіріп келгенде,  айрандай ұйып отырған елдің  абыржып қалғаны бар. Жетпіс жыл бойы  адалдыққа, Отанды сүюге, еңбекқорлыққа,  тазалыққа тәрбиелеген кеңестік идеологияның  күл-талқаны шықты. Бір сәтте адамдардың психологиясы өзгеріп,  жабайылық жайлады. Бұрын-сонды болмаған тіршілік үшін күрес басталып кетті.  Қанағатсыздық қанат жайды,  тоғышарлық тамыр байлады.  Кедей – бай, бай Құдай болғысы келді.  Осы бір аласапыранды асыра пайдаланып, қоныштан басқандар көп болды.  Солар әлі күнге  қадау-қадау қызметтердің құлағын ұстап отыр.  Олар «тәубе, тәуелсіздіктің арқасы ғой» демейді.  Нақ бір ата-бабасынан қалған мол мұрадай көреді. Ең сорақысы сол – тәуелсіз елді тонап, екі асап биге шыққандардың  тәуелсіздікке деген сүйіспеншілігі мен құрметі суға сыра қосып сатқан   пысықайлардың тірлігіне ұқсайды. 

      Тәуелсіздіктен ешкім де, ештеңе де биік тұрмауы тиіс. Тәуелсіздікке мәңгілік қарыздармыз.  Биліктің қурайдан май тамызған мақтаншақтық идеологиясы адамдардың бойына  тәуелсіздік рухын сіңіре алмады. Оны айтасыз,   тәуелсіз ел атрибуттарының бірі – мемлекеттік Әнұран мәтінін он адамның тоғызы білмейді. Білетіндердің өзі шала-шарпы «Алтын күн аспаны...» деп,  өп-өтірік  ауыз жыбырлатып тұруға ғана жарайды.  Отаншылдық рух, патриотизм, ұлтшылдық сезім біткен жерден тоғышарлық басталады. Бізге тәуелсіздікке тәуелділік жетпей жатыр.  Шенеунік бол, шаруа бол, тіпті президент бол, мейлі, көр қазушы бол – елдің әрбір тұрғыны  тәуелсіздік рухын терең сезініп,  «Мен ең алдымен  Англияның премьер-министрімін, сондықтан алдымен өз Отанымды жарылқауым керек», – деген  Уинстон Черчилльдің сөзің жадымызда ұстауымыз керек.

      Тәуелсіздіктің тағылымы мол, оны жан дүниемізбен қабылдап, қадір-қасиетін бағалап, елді қалай сүюді үйренуіміз керек. Түркияның тұңғыш президенті  Ататүрік ағылшын патшасы Эдуард Стамбулға келгенде арнайы қонақасы беріпті.  Даяшылардың бәрі түріктер болған. Солардың бірі лауазымды адамдарға  қызмет еткеніне  қатты қысылып, қолындағы астауымен  жерге құлап түсіпті. Тағам еденге шашылып қалады.  Сонда Ататүрік ағылшын патшасына қарап: «Мен түрік ұлтына  барлық нәрсені үйреттім. Бірақ малай болуды үйрете алмай кеттім», – депті де, даяшы жігітке қызметін жалғастыра беруге бұйрық беріпті. Ұлтын сүйетін ұлы жүректер көп болсын десек, тәуелсіздіктен тағылым алайық. 

     Ассалаумағалейкүм, Тәуелсіздік!

Тегтер: Без Тега
Махамбет Сапармұратов
Махамбет Сапармұратов Махамбет Сапармұратов

Оқыңыз