Астана 2035 жылға дейін қалай өзгереді? Бас жоспарда не делінген
Елорданың әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық, көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында Астана қаласының 2035 жылға дейінгі бас жоспары бекітілді. Қаулыға премьер-министр Әлихан Смайылов қол қойды, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
Қала 2,3 млн халқы бар қалаға айналады
"Бүгінгі таңда елорда тұрғындарының саны шамамен 1,2 млн адамды құрайды, 2035 жылға қарай аталған көрсеткіш 2,3 млн адамға жетеді деп күтіледі.
Бас жоспарда 164 мектеп, 178 балабақша және 93 денсаулық сақтау мекемесінің құрылысы қарастырылған. 2029 жылға дейін заманға сай 15 оқушылар сарайы салынады.
Елорданың тұрғын үй қорын 68,2 млн м2-қа дейін, ал жол желісінің ұзындығын 1000 км-ге 2,5 мың шақырымға дейін ұлғайту жоспарланды", - делінген қаулыда.
Cонымен қатар, Есіл ауданында кептелістерді жеңілдету үшін бес ірі көпір салынатыны жазылған.
«Жасыл белдеу» жалғасады
Су тұтыну көлемінің өсуін ескере отырып, Ертіс-Қарағанды каналынан тартылатын су құбырымен тәулігіне 210 мың текше метрге №4 сорғы-сүзгі стансасы салынады.
Жылу және электр энергиясы бойынша 3-ЖЭО-ның екінші кезегін, төрт жаңа газ жылу стансасын салу және 2-ЖЭО-ны кеңейту, сондай-ақ 110/10 кВ 14 қосалқы стансаны іске қосу жоспарланған.
Газбен жабдықтау мәселелерін шешу үшін қолданыстағы АГТС-1 және АГТС-2 автоматтандырылған газ тарату стансаларының қуаты ұлғайтылмақ.
Жоспарда айтылған іс-шараларды іске асыру үшін қаржы көздерінен көлемі 6,3 трлн теңгені құрайтын инвестиция тартылмақ.