Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:56, 06 Наурыз 2024

Астанада Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның форумы өтті

форум
Фото: из открытых источников

Әйелдер және отбасы істері жөніндегі комиссияның құрылғанына 25 жыл толды. Соған орай Елордамызда бүгін Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның форумы өтті.

1999 жылы 4 наурызда құрылып, одан кейін аумақтарда негізі қаланған комиссияның мерейтойлы жиынына 500 адам қатысты. Оның 350-і аумақтан келген делегаттар болды. Одан бөлек жиналғандар ішінде облыстық құрылымдардың бұрынғы және қазіргі хатшылары мен комиссия мүшелері болды.

Бұдан бөлек мерейтойға арналған Қазақстан әйелдерінің форумына парламент депутаттары, халықаралық ұйымдар мен азаматтық сектор өкілдері, халықаралық серіктестер қатысты. Сондай-ақ форумда жиналған қонақтарды Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева және БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Строй қарсы алды.

Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның 25 жылдығына байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хатын жолдады.

“Комиссия гендерлік теңдікті қамтамасыз етуде, отбасы институтын нығайтуда, ана мен баланы қорғауда орасан зор рөл атқарады және уәкілетті органдардың, азаматтық сектор мен бизнестің күш-жігерін біріктіретін тиімді алаң ретінде әрекет етеді”- деген мемлекет басшысы құттықтау хатында.

Одан бөлек президент осы комиссияның сарапшылары елімізде қабылданып жатқан заңдар мен бағадармаларда белсенділік танытып жатқанын ерекше атап өтті. Одан бөлек әйелдер кәсіптеріне де тоқталды.

Кейінгі жылдары елімізде әйелдерге тыйым салынған кәсіптер тізімі жойылды, сайлау квоталары енгізілді, ішкі істер органдары жүйесінде әйелдердің құқықтарын қорғау бөлімшелері құрылды. Ұлттық комиссияның жемісті қызметінің арқасында Қазақстан бірқатар халықаралық конвенцияларды ратификациялады және гендерлік теңсіздікті еңсеру бойынша барлық міндеттемелерді орындайды. Біз әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру және отбасылық құндылықтарды ілгерілету бойынша жүйелі шараларды алдағы уақытта да Әділ Қазақстан – баршаға тең мүмкіндіктер мемлекетін құруды кезең-кезеңімен жалғастыратын боламыз», - делінген құттықтауда.

Форумда сөз алған Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Бәйкен қазақ әйелдерінің қайсарлығы мен батылдығына тәнті екенін айта келе, оларды тірек, рухтың қайнар бұлағына теңеді.

«Бүгін бұл залға тамаша әйелдер – кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер, өз салаларының жетекшілері, ең бастысы, аналар жиналды. Аналардың сүйіспеншілігі мен қолдауы - өмірге күш-қуаттың сарқылмас көзі. Қазақ әйелдері сан алуан салада еңбек етіп, Астананың және мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өмірін дамытуға зор үлес қосып келе жатыр”, - деді Астана қаласы әкімінің орынбасары.

Форумға қатысқан спикерлер өздерінің салалары бойынша сөз сөйледі. Олардың арасында Астана әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжан да бар.

«Бүгінгі форумның нәтижесінде әр өңір өз бағыттары бойынша баяндамалар дайындап жатқан баяндамашылардан көптеген тың, маңызды ақпараттар алады деп ойлаймын. Олар жоспарлар мен даму мүмкіндіктері туралы айтады. Мысалы, өткен жылы республикалық комиссия түрлі себептермен үйде отырған әйелдерді заманауи технологиялармен жұмыс істеуге үйретіп, халықаралық нарықта өз қызметін бастауға көмектесетін IT-Aiel жобасын іске қосты. Бүгінгі таңда осы бағдарламаның арқасында белгілі нәтижелерге қол жеткізген делегаттар бар. Өңірлерден келген делегаттар да жаңа білімдерін таратып, тәжірибеде қолдана алатынына сенімдімін», - деді Астана әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжан.

Форумда комиссияның астаналық филиалы атқарылып жатқан жұмыстарына тоқталып өтті. Филиалдың есебінше қазіргі күнде Елордамызда 750 мың әйел тұрады. Олар әртүрлі салада белсенді еңбек етіп келеді. Мысалы, 90 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілерін әйелдер басқарады. Айгерім Мақжан еңбек нарығындағы әйелдердің үлесіне де тоқталып өтті. Оның айтуынша, Астанадағы еңбек нарығындағы әйелдердің саны 51 пайызды құрайды екен.

«Әйелдеріміз түрлі салада еңбек етіп, Астана қаласы мен еліміздің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өмірінің дамуына зор үлес қосып келеді. Елордада 75 мыңнан астам әйел медицина және өскелең ұрпақты тәрбиелеу саласында жұмыс істейді», - деді Айгерім Мақжан.

Бұдан бөлек, форумның ашылу алдында Халықаралық әйелдер күніне арналған заманауи бейнелеу өнерінің көрмесі өтті. Көрмеге заманауи авторлардың әртүрлі стильдер мен техникада жасалған 25 жұмысы қойылған.

Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және отбасы институтын нығайту, ана мен баланы қорғау және уәкілетті органдардың, азаматтық сектор мен бизнестің күш-жігерін біріктіру сияқты Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның атқарылып келе жатқан істер қаншама. Алдағы уақытта да бірқатар істер атқарыла береді деп сенеміз.