Астанада былапыт сөз айтқан стендап-комикке айыппұл салынды
Астанадағы мекемелердің бірінде өнер көрсету кезінде әдепсіз сөздер қолданған стендап-комик әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қалалық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған.
Сот отырысы 7 қарашада өтті. Іс материалдарына сәйкес, Қ. есімді азамат өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтқан. Сондай-ақ айыппұл салумен шектелуді сұрап, мұндай жағдайды қайталамауға уәде берген.
Сот оның кінәсін мойындағанын және істің мән-жайын ескеріп, 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 86 500 теңге айыппұл тағайындады.
Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.