Астанада ер адамның үйіне массаж жасауға барған қыз зорлық көрген
Астанада массаж қызметін көрсетуге барған қыз ер адам тарапынан өзіне зорлық-зомбылық жасалғанын мәлімдеді.
Оқиға 4 шілдеде болған. Қыздың айтуынша, ол аталған ер адамға бұған дейін де массаж жасап жүрген. Ер адам оған бір кездері интимдік қызмет көрсету үшін массажист тауып беруін ұсынған. Алайда қыз бұл ұсыныстан бас тартқан. Кезекті кездесудің алдында да ол интимдік қызмет көрсетпейтінін бірнеше рет ескерткен.
Жәбірленушінің сөзінше, массаж кезінде ер адам одан қайтадан интимдік сипаттағы әрекеттерді талап еткен. Қыз бас тартқаннан кейін, ер адам оның шашынан ұстап, ұра бастаған. Кейін оның айтуынша, ер адам жыныстық зорлық көрсетіп, пәтерден шығармай қойған.
Қыз терезе арқылы қашып шығуға әрекет жасағанымен, ер адам аяғынан ұстап, қайтадан ішке тартып кіргізгенін айтады. Сондай-ақ оның сөзінше, ер адам пышақпен қорқытып, болған жағдай туралы ешкімге айтпауын талап еткен.
Оқиға кезінде қыздың айғайлаған дауысын ауладағы адамдар естіп, полиция шақырған. Күдікті ұсталды. Оқиға орнына жедел жәрдем қызметі де келген. Қыз қан кеткенін және денесінен жарақат алғанын айтқан.
Сонымен қатар жәбірленуші полиция қызметкерлерінің әрекетіне қатысты да шағым түсірген. Оның айтуынша, туыстарын пәтерге кіргізбеген, ал өзін біраз уақыт бойы күдікті ер адаммен бір бөлмеде қалдырған.
Оқиғаға қатысты құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр.