Астанада шалшық суда жатып, тұрғын үй кешенінің ауласындағы бұзақылық жасағандар қамауға алынды
Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында полиция қызметкерлері тұрғын үй кешенінің ауласындағы жаңбырдан жиналған шалшықтың ішінде отырған екі ер адамның алкогольдік ішімдік ішіп, суды теуіп, оны балаларға қарай шашып жатқан сәті түсірілген бейнежазбаны анықтады.
Аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп, оқиғаға қатысушылардың жеке басы анықталды. Олар – 37 жастағы Алексей Свиридов пен 35 жастағы Владимир Логвин. Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін екі азамат та ұсақ бұзақылық жасағаны бойынша әкімшілік жауапқа тартылды.
Сот шешімімен Алексей Свиридовқа 25 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды. Ал Владимир Логвин 7 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Полиция қоғамдық орындардағы мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін ескертеді.
Азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін бұзатын кез келген құқыққа қайшы әрекетке заң аясында қатаң құқықтық баға беріледі.