Астанада жедел жәрдемнің 443 млн теңгесін жымқырған экс-директор сотталды
Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының бұрынғы директоры мен мекеменің тағы үш қызметкеріне қатысты үкім шығарды.
Сот оларды 443 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырғаны үшін кінәлі деп таныды.
Тергеу материалдарына сәйкес, 2020-2023 жылдары станцияның бұрынғы директоры, көлікпен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы және бас механик жедел жәрдем көліктерін жөндейтін жеке техникалық қызмет көрсету станциясын ұйымдастырған. Олар бұл шешімді көліктерді жылдам әрі арзан жөндеу мақсатымен түсіндірген.
Алайда тергеу барысында күдіктілер осы сылтаумен қосалқы бөлшектерді заңсыз есептен шығарып, іс жүзінде ешқандай қызмет көрсетпеген адаммен жалған келісімшарттар жасағаны анықталған.
Сот мәліметінше, осы схема арқылы кәсіпорын бюджетінен 443 миллион теңгеден астам қаржы жымқырылып, оны қатысушылар өзара иемденген. Үкім шығарылғанға дейін келтірілген шығын толық өтелмеген.
Ал ҰҚК департаментінің үкімнен кейін жариялаған ақпаратына сәйкес, сотталғандардың әрекетінен мемлекетке келтірілген жалпы шығын 740 миллион теңгені құраған. Бұған дейін, 2026 жылдың қаңтарында, жалпы шығын көлемі 850 миллион теңге деп бағаланған еді.
Сот айыпталушылардың кінәсі куәгерлердің айғақтары, сараптама қорытындылары және басқа да дәлелдермен толық дәлелденгенін атап өтті.
Нәтижесінде бұрынғы директор 9 жылға, ал оның сыбайластары – бұрынғы директордың орынбасары мен бұрынғы бас бухгалтер 8 жылға бас бостандығынан айрылды.
Сотталғандардың ешқайсысы өз кінәсін мойындамай, ақтауды сұраған.