Live

Астанадағы бензин дауы: Энергетика министрлігі Павлодар мұнай өңдеу зауытын тексере бастады

Қазақстан Энергетика министрлігі Павлодар мұнай-химия зауытында жоспардан тыс тексеру бастады.

Бензин қымбаттайды

Бұған Астанада АИ-95 және АИ-98 бензинін құйғаннан кейін көліктерінде ақау пайда болғанын айтқан жүргізушілердің жаппай шағымы себеп болды.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов үкіметтегі брифингте жағдайды жеке бақылауына алғанын мәлімдеді. Павлодарға арнайы комиссия жіберілген.

«Бұл мәселе маған да, Энергетика министрлігіне де белгілі. Кеше вице-министр Тұтқышбаевты Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасарымен бірге Павлодарға жібердім. Қазір олар зауытта жанармай сапасына қатысты заңбұзушылықтардың бар-жоғын тексеріп жатыр», – деді министр.

Ақкенженовтің айтуынша, мәселе жанармай өндіру кезіндегі технологиялық ақаудан туындауы мүмкін. Қазір жанармай құю станциялары мен зауыт басшылығы жауапкершілікті бір-біріне сілтеп отыр. АЗС өкілдері зауытты кінәласа, зауыт тарапы мәселе жанармайды тасымалдау немесе станцияларда сақтау кезінде туындауы мүмкін екенін алға тартқан.

«Мұның бәрін анықтап, жақын арада нақты қорытынды жасаймыз», – деді Ақкенженов.

Елордадағы сапалы жанармай тапшылығын шешу үшін Астанаға бензиннің жаңа партиясы жөнелтілген. Оның ішінде Атырау мұнай өңдеу зауытынан жеткізілетін жанармай да бар. Энергетика министрлігі жағдай алдағы бірнеше күнде тұрақтанады деп отыр.

Айта кетейік, Павлодар мұнай-химия зауыты «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының құрылымына кіреді.

Тегтер: жанармай
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз