Астанадағы Жеңіс күні қалай атап өтілді?
Биыл екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 81 жыл. Астанада Жеңіс күніне орай түрлі мерекелік шаралар өткізілді. Қала тұрғындары биыл «Ұлы жеңіске арналады!» атты мерекелік концерт тамашалады. Мерекелік шара Астана қаласы әкімдігі жанындағы қалалық алаңда өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл концерттің басты мақсаты – Отан үшін жанын қиған қаһармандарды еске алып, жас ұрпаққа бейбіт күннің қадірін түсіндіру.
Рухты әндер рухты көтерді
Концерт шымылдығы Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы үрлемелі оркестрінің патриоттық шығармаларымен түрілді. Түрлі аспаптардың үні мен жанды дауыста орындалған әндер көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады. Майдан даласында сарбаздарға күш берген шығармалар да концерттік бағдарламадан тыс қалған жоқ.
Концертке келген Астана қаласының тұрғыны Назым Әділбекова былай дейді:
«Мұндай шаралар балаларды отансүйгіштікке баулиды. Сондықтын біз осындай шаралардан қалмаймыз. Бүгін қаншама рухты көтеретін әндер шырқалды. Бұл көрініс Отан үшін от кешкендерге ерекше құрмет пен ілтипаттың белгісін көрсетті».
«Ұлы Жеңіске арналады» концерттік шарасына қала тұрғындары бір кісідей қатысты. Жиналған қауым бейбіт күнді сыйлаған батырларды еске алып, ұмытылмас ерліктерін дәріптеді. Іс-шараға келген тұрғындар әншілерге қосылып ән шырқады. Жанды дауыста шырқалған рухты әндерді тыңдап өзгеше әсер алғанын айтты.
Концертке жиналғандардың көпшілігі балаларын және немерелерін ертіп келген. Олар өскелең ұрпақтың тарихи Жеңіс туралы тереңірек біліп өскенін қалайды.
Театр әртістері де Жеңіс күнін атап өтті
Жеңіс күні Астанадағы Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының алдындағы алаңда да театрландырылған мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Бұл іс-шара бағдарламасы кәдімгі концерттік форматтан әлдеқайда ауқымды болды. Ұйымдастырушылардың басты мақсаты – тарихи шындықты сақтау және жастардың азаматтық санасын қалыптастыру. Өнер арқылы көрермендерге бүгінгі бейбіт өмірдің 1940 жылдары майданға аттанып, Отан үшін жанын қиған жандардың қайсарлығы мен адалдығының арқасында келгені еске салынды.
Бауыржан Момышұлы туралы «Ар адамы – Бауыржан» деректі драмасынан қойылған үзінділер көрермендердің ерекше ықыласына ие болды. Қала тұрғыны Асқар Айтымов мұндай шаралардан ерекше әсер алатынын айтады.
«Жыл сайын Жеңіс күніне арналған шараларға ұлдарымды ертіп келемін. Балаларымды бала күнінен осындай ортаға баулып, көрсете берсем, патриоттық сезімі артар деп ойлаймын. Ұлдарым мерекелік шараларға да белсене қатысады. Ерлік жайлы өлеңдерді жатқа біледі. Ата-бабаларымыздың ерліктерін үнемі айтып отырамын», – дейді ол.
Театрландырылған мерекелік концертке келгендер аңызға айналған Бауыржан Момышұлының ерлігіне арналған сахналық көріністерді көріп қана қойған жоқ, сол сахналық қойылым арқылы қолбасшының ар-намыс пен парыз туралы ұстанымын тереңірек сезіне алды.
Аталмыш концерттің музыкалық бөлігі ұлттық нақыш пен терең лирикаға толы болды. Сахнада ерлік жайлы әндер айтылып, жырлар орындалды.
Алаңнан тыл ардагерлерін де, қолына гүл ұстаған кішкентай балаларды да кездестірдік.
«Біздің міндет – өткенді еске алып қана қоймай, сол тарихи жадыны келесі ұрпаққа жеткізу. Осындай қойылымдар, Бауыржан Момышұлының бейнесі мен ұлт руханиятына айналған әндер арқылы біз қоғамдағы патриотизм, үлкенге құрмет секілді маңызды құндылықтарды нығайтамыз», – деді ұйымдастырушылар.
Сондай-ақАстанада Жеңіс күніне орай Музыкалық жас көрермен театрында Мәншүк Мәметованың ерлігіне арналған «Мәншүк» музыкалық драмасы сахналанды.
Қойылымда аты аңызға айналған қазақ қызының өмір жолы, майдандағы тағдыры мен қаһармандығы көрініс тапты.
Тарихи құжаттар негізінде сахналанған қойылым көрермендерге ерлігімен, қайсарлығымен және жанқиярлығымен ел жадында қалған аңызға айналған қазақ қызының өмірі мен майдан жолын баяндады. Сюжетте батыр қыздың бейбіт өмірден соғыс даласындағы ауыр шайқастарға дейінгі өмірінің негізгі кезеңдері қамтылды. 2 сағат 20 минутқа созылған музыкалық драмалық көріністерді, музыканы және соғыс жылдарының атмосферасын жеткізетін сахналық шешімдерді біріктірді.
Спектакльді тамашалап, соғыс қаһармандарының рухына тағзым етуге келген елорда тұрғындары мен қонақтары жиналды. Осылайша, қойылым Жеңіс күніне арналған мерекелік бағдарламаның бір бөлігіне айналып, 9 мамырдағы елордадағы басты мәдени шаралардың бірі болды.
Көрме ұйымдастырылып, әлеуметтік төлемдер берілді
Бұдан соң Елорданың «Нұрлы жол» вокзалында Жеңіс күніне орай Астана қаласының Мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен «Ерлік дастаны» атты архивтік құжаттардан және суреттерден тұратын көрме ашылды.
Іс-шараға архив қызметкерлері, теміржол саласының мамандары мен басшылығы қатысты. Астана қаласы Мемлекеттік архивінің директоры Жангелді Бимолдиннің айтуынша, бұл көрме Ақмолада құрылған дивизиялар жөнінде сыр шертеді. Сондай-ақ осы өңірден шыққан майдангерлер, соның ішінде екі мәрте Кеңес одағының батыры Талғат Бигелдинов, Рейхстагқа Жеңіс туын алғашқы болып тіккен Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев, Кеңес Одағының батыры, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов, «Даңқ» орденінің толық иегері Әлмұқан Сембинов сынды қазақтың даңқты перзенттерінің ерлігі мен еңбегін ұлықтауға арналды.
Бұл көрмені 12 мамырдан бастап 15 мамырға дейін «Жібек жолы» сауда үйінен де тамашалауға болады.
Жалпы Жеңіс күніне орай Астанада көптеген шаралар атқарылды. Қала әкімдігі ардагерлерді, тыл азаматтарын марапаттап, Алғыс хаттар берді. Сондай-ақ қала әкімдігінің ұйымдастыруымен елордалық саябақта мерекелік концерттер өтті. Елордадағы Достық үйінің ғимаратында соғыс жәдігерлері қойылған көрме ұйымдастырылды. Сонымен қатар Жеңіс күніне орай елорда ардагерлеріне дәстүрлі түрде біржолғы әлеуметтік төлемдер берілді. Төлемдер Астана қаласы мәслихатының 2023 жылғы 3 қазандағы №84/10-VIII шешімімен бекітілген әлеуметтік көмек көрсету қағидалары негізінде жүзеге асырылады. Осыған сәйкес, Астанадағы Ұлы Отан соғысының ардагеріне 5 млн теңге көлемінде төлем жасалды. Астана мектептерінде «Ерлік туралы» ашық сабақтар өтті. Осылайша, елордалықтар Жеңіс күнін ерекше көңіл күйде атап өтті.
Қ.САЙЛАУБАЕВА
Астана қаласы